Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкциялардың 18-пакетін мақұлдады. Жаңа пакет бірінші кезекте Ресейдің мұнай және энергетика саласына кері әсер етпек. Жаңа эмбарго аясында Ресей мұнайына баға шегі барреліне 47,6 доллар етіп белгіленбек. Негізгі ауыртпалық банк жүйесіне түсті. Тағы 22 ресейлік банк іс жүзінде Халықаралық қаржылық операциялардан шеттетілді. Яғни, Еуропалық Одақпен транзакциялардың барлық түрлері, корреспонденттік шоттар, еуропалық банктермен, институттармен және заңды тұлғалармен ынтымақтастыққа шектеу қойылады. Осылайша, көрші елдің барлық банктері санкцияға ілікті. Санкциялардың 18-пакеті Ресейдің шикізат экспортынан түсетін кірісіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Марсель Салихов, РФ Энергетика және қаржы институтының президенті:
Бұрын Ресей мұнайының шекті бағасы барреліне 60 доллар болса, енді мұнай түріне байланысты шекті бағасы да төмендейді. Бұл экономикаға әсер ететіні сөзсіз. Мұнай тасымалдау құны өседі. Сонымен қатар жаңа санкцияға іліккен «Солтүстік ағым» газ құбыры арқылы онсыз да Еуропалық Одаққа газ тасымалданбайтын. Менің ойымша, жаңа пакетке қатысты Ресей үкіметі арнайы шаралар қабылдамайды. Тек шектеуге іліккен компанияларға қосымша қаржылай қолдау көрсетіледі.
Индира Бегайдар