Қонаев қаласындағы коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген режимге көшті.
Себебі биылғы шомылу маусымы кезінде жағажайлардағы тұрмыстық қатты қалдық көлемі айтарлықтай ұлғайған. Ал демалыс күндері онда ине шаншыр орын болмайды. Қапшағай су қоймасына биыл 1,5 млн турист келеді деген болжам бар.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қонаевтағы орталық жағалауға күніне 4-5 мың адам келеді. Мұнда тәулігіне 90 тоннадай қоқыс шығарылады. Демалыс күндері бұл көлем екі еселенеді. Демалушылардың көл жағалауындағы тазалыққа көңілі тола ма?
Бұл сұраққа бірі «иә» десе, енді бірі «жоқ, мұндағы тазалыққа көңіліміз толмайды» деп жауап берді.
Артур Жақсылықов, демалушы:
- Иә, әрине, өте әдемі, таза. Әдемі боп жатыр. Демалыс күшті. Әрбіріміз тазалық сақтауымыз керек деп ойлаймын. Сол қоқысты тастайтын жерге тастау керек. Бәріміздің қолымызда ғой тазалығымыз.
Нұрашбек Алданышев, демалушы:
- Табиғаты, осы көлі, бәрі әдемі. Просто енді топчандары қымбат. 15 мың теңге уже, не стоит үш сағатқа, сол ғой. Тазалық жағынан ондай тазалық жоқ мұнда. Менің ойымша, енді тазалықты жақсы жүргізу керек бұлар. Жұмысшыларды көбірек қабылдау керек. Жалпы ақшасы түсіп жатыр ғой енді.
Санитарлық тазалықты сақтау мақсатында орталық жағажайға 45 қоқыс жәшігі мен 10 контейнер қойылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына екі техника, 30 жұмысшы тартылған.
Асхат Тұрсынбаев, "Жасыл қала Қонаев" МҚК басқарушы директоры:
- Қауіпсіздікке арнап мына екі жерден су техникасы шығатындай орын жасап қойдық. Ақпараттық тақталар бес жерден қойылған. Қазіргі таңда биыл таңғы сағат 9-дан кешкі 9-ға шейін мына рупорларды 5 жерден қойдық. Сол рупорлар сөйлеп отырады. Сосын қауіпсіздікке байланысты биылға таман мына камераларды қостық. Полиция басқармасы көріп отыра алады.
Қонаевтағы қалалық жағажайларда шомылу маусымы басталғалы 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Заң талаптарын бұзғандар жауапқа тартылды. Тазалық жұмыстары №5 жағажайда да қызу жүріп жатыр. Онда жасанды инттеллект арқылы басқарылатын бейнекамералар орнатылған.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов