Ақмола облысында жасанды интеллектінің арқасында дәрігерлер қағазбастылықтан құтылды. «Ascle AI» стартап жобасы әзірге өңірдегі екі емханада тестіленіп жатыр. Науқастың амбулаторлық картасын автоматты түрде толтыратын тың технология ақ халаттылардың уақытын 40 %-ға дейін үнемдейді.
Ақылды технология әдетте компьютерден бас алмайтын дәрігердің жұмысын мүмкіндігінше жеңілдетіп отыр. Тіпті, науқастың клиникалық жағдайын сараптап, диагноздың бірнеше түрін ұсынады. Сөйтіп, дәрігер біреуін таңдап, ем тағайындайды.
Тілеуқабыл Қалыбаев, дәрігер:
Бізге көбінесе науқастар келген кезде дәрігерлер компьютермен отырады деп шағымданады. Қазіргі кезде «Ascle AI» платформасы шыққалы бері науқастар өзінің шағымдарын айтып, микрофонға, біздің компьютерімізге тікелей жазылады. ҚР хаттамасы бойынша 3-4 болжамды диагноз береді.
Стартап жоба дәрігерге операциялық процестерді оңтайландыруға көмектеседі. Сөйтіп, оның науқасқа көбірек көңіл бөлуіне, нақты еммен айналасуына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта өңірдегі 20 емхана осы жүйеге көшеді.
Айнагүл Можыбаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Жаңа бағдарламамен қабылдап жатыр екен. Пилотты жоба дейді. Дәіргердің қабылдауы өте жақсы өтті. Өте ыңғайлы екен. Бұрынғыдай ЖСН сұрамайды, тек қана фотомен ақпарат бәрі шығады екен. Өте тез.
Бибінұр Әмірханқызы