Наурызбай ауданы үлкен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Су тарту, кәріз бен су құбыры желісінің құрылысы он мыңдаған тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында аудан әкімі Назира Тоғызбаева осылай дейді.

Наурызбай ауданының дамуының негізгі бағытының бірі – осы заманғы сапалы инженерлік инфрақұрылыммен кешенді қамтамасыз ету. 2025 жылы ауызсу мен кәріз жүйесін дамытуды көздейтін үлкен жобалар іске аспақ.

2024 жылдың наурызында бастапқыда «Қарғалы» сүзгі станциясы жобасында қарастырылмаған 8,6 шақырым кәріз коллекторының құрылысы аяқталды. Бұл жоба 50 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Биылғы қараша айында тәулігіне 22 мың текше метр су өткізуге қабілетті «Ақсай» су тарту нысанының құрылысы аяқталады. Нысанның жалпы құны — 29,7 млрд теңге. Қазір жұмыстың 80%-ы аяқталған. Сонымен қатар, су тарту нысанына апаратын 9 шақырым жол мен 5 көпір тағы салынып жатыр, сүзгі станциясында іске қосу-жөндеу мен технологиялық жұмыстарды қатар қолға алған. Бұл стратегиялық маңызды нысан ауданның батыс бөлігі мен облыстың Қарасай ауданындағы 150 мың адамды ауызсумен қамтамасыз етеді.