Үндістанда толассыз жауған жаңбырдың соңы, тасқынға ұласып, бірнеше шаһарды су басты.
Табиғи апаттан 3 адам опат болды. Ахуал әсіресе елдің солтүстігіндегі Манди қаласында қиын. Мұнда лай көшіп, жолдар жабылып қалған. Үндістанның шығысындағы Патна қаласында да жағдай мәз емес. Шаһардағы орталық базарды топан су басты. Үндістанда қазір жаңбырлы маусым. Осы мезгілде елде жауын-шашынның 70 пайызы түсіп, су қоймаларына егістік алқаптарды суаруға қажетті тіршілік көзі жиналады. Бірақ нөсерлетіп құйған жауын соңы, көп жағдайда табиғи апатқа ұласып жатады.