Қала тұрғындары бірнеше күннен бері түнде ауада пайда болатын өткір иістен мазасызданып жүр. Кейбіреулер бұл иісті бензинге ұқсатса, енді біреулер шіріген жұмыртқаға ұқсатады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Орда» тілшісінің айтуынша, иіс газға көбірек келеді. Не екені нақты белгісіз, бірақ тұрғындардың ойы бір — бұл қалыпты жағдай емес.

«Шара қолданыңыздаршы! Біз екі күннен бері тұншығып жатырмыз», — деп шағымдануда павлодарлықтар әлеуметтік желілерде.

Алайда экологтар мәселені жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, тұрғындардан түскен өтініштер бойынша ауа сынамасы алынып, нормадан ауытқу анықталмаған.

«Қаладағы атмосфералық ауаның жағдайына мониторинг жүргізуді „Қазгидромет“ РМК жеті стационарлық бекет арқылы жүзеге асырады. Олар мына мекенжайларда орналасқан: Мәскеу көшесі, 12/1; Айманов көшесі, 26/1; Ломов көшесі; „Казправда“ көшесі; Естай көшесі, 54; Затон көшесі, 39; генерал Дюсенов пен Торайғыров көшелерінің қиылысы», — деп хабарлады Павлодар облысы экология департаменті.

Экологтар сынаманы қазір жылжымалы станция арқылы да алып жатыр. Нәтижелері әзірге дайын емес. Ал ол көрсеткіштерсіз жергілікті зауыттарға тексеріс жүргізу заңсыз саналады. Мұны бизнеске қысым ретінде бағалауы мүмкін.