Испанияның оңтүстік батыс жағалауларын балдыр басып қалды.
Бір ғана жағажайдан жиналған балдырдың көлемі бес айда 1200 тоннаға жеткен. Жергілікті билік бұл экологиялық дағдарыс деп дабыл қағуда. Өйткені осыдан кейін балық шаруашылығы мен туризм саласы да құлдырай бастаған.
Бұл балдыр басқан жағажай көрінісі. Табиғи теңіз қалдығының ең алдымен экожүйеге зияны орасан. Олар тастарға жабысып, тіршілік түрлерін ығыстыра алады және ең қауіптісі су құрамындағы оттегіні азайтады. Салдарынан судағы теңіз жәндіктері тұншығады. Испанияның оңтүстік жағалауы: Гибралтар бұғазынан бастап Андалусия, Кадис және Коста-дель-Соль аймақтарындағы жағажайларда балдырлар тонналап жатыр. Шамамен жеті жүз метрге жететін бір ғана la Caleta жағажайында соңғы 48 сағаттың ішінде 10 тоннаға жуық балдыр үйіліп қалған.
Жуан Хосе Вергера, Кадис Университетінің профессоры, эколог:
- Бұл балдырлардың тонналап жиналғаны бүгін емес. Университет ғалымдары он жылдан бері дабыл қағып келеді. Асқынған науқасты емдемей тұрып, дертті тоқтату қажет. Алайда балдырдың мұндай түрлері толық жоюға келмейді, бірақ санитарлық проблема ушықпай тұрғанда “сауатты бақылау” жұмысын қолға алу қажет.
Профессордың сауатты бақылау дегені: мониторинг, қоғамдық ақпараттандыру, ғылыми зерттеулер мен балдырларды компост немесе биоотын ретінде қайта өңдеу. Алайда жергілікті биліктің өз уәжі бар. Еуропа заңдары бойынша балдырдың инвазивті түрлерін коммерциялық мақсатта пайдалану шектелген. Сондықтан бұл індетпен күресте бір ғана Испания емес, мүмкіндігінше Еуропалық елдер жұмылуы қажет.
Хавьер Видаль, Кадис провинциясы үкіметі төрағасының орынбасары:
- Кадис провинциясының үкіметі балдырмен күресті күшейту үшін жергілікті елді мекен бюджетін жиырма бес процентке ұлғайтты. Жалпы сомасы 340 000 еуроны құрайтын субсидияны бес ауылға бөліп береміз. Алайда бұл індетпен күресу үшін мемлекетпен қатар еуропалық бизнесті де жұмылдыру қажет деп ойлаймын. Бұл бір ғана Испанияның проблемасы емес.
Жағалауды жайлаған балдыр мәселесі жалғыз Испанияда ғана емес, әлемдік ауқымдағы проблемаға айналғаны рас. Ресми дерек бойынша 2003 пен 2020 жылдар аралығында дүние жүзі жағалауларындағы балдырдың гүлдеуі шамамен 13 пайызға ұлғайып, әлемдік мұхиттың қосымша 4 миллион шаршы шақырым аумағын қамтыған. Ғалымдар бұл құбылысты климаттың жылынуы, теңіз, мұхиттың ластануы сияқты ауқымды факторлармен тікелей байланыстырады.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач