Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша жиын өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Жиында Президент бастамасымен белгіленген негізгі тоғыз бағыт талқыланды.

Олардың қатарында экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтау салаларына ЖИ енгізу, Жасанды интеллект және цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік қызметтерді және өтініштермен жұмыс істеу процестерін дамыту, ІТ-архитектураны, QazTech ұлттық платформасын жаңғырту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, отандық IT стартаптарды қолдау және Smart сity-ді дамыту мәселелері бар.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Президент тапсырмаларын жүзеге асырудағы тәсілдер туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, экономикаға жасанды интеллектіні енгізу басым міндет болып отыр. Осы бағытта Үкімет «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесіп, еңбек өнімділігін арттыру үшін өндірістік процестерге ЖИ енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеуге кіріскен.

Жаңа технологиялар денсаулық сақтау саласында дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге, дәрігерлерді күнделікті міндеттерден босатуға мүмкіндік береді. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына, ашықтығы мен тиімділігіне оң әсер етеді. Отандық стартаптардың Денсаулық сақтау министрлігінің инфрақұрылымына қолжетімділігі, Бірыңғай медициналық деректер базасына көшуі және тағы басқалары – маңызды қадам.

Aitu-ды ұлттық мессенджер ретінде бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Мемлекеттік қызметтер саласында Aitu-ды ұлттық мессенджер ретінде бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдар Аitu-ға көшіріліп, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріледі. Бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы цифрлық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Онда мемлекеттік қызметтер әрбір азаматқа «батырманы бір рет басу» арқылы қолжетімді болады. Сонымен қатар еліміздің IT ландшафтының архитектуралық үйлесімділігін арттыру, сондай-ақ деректерді қорғау және киберқауіпсіздік саласында шаралар кешені бойынша жүйелі жұмыстар көзделген.

«Мемлекет басшысы ЖИ технологияларын барлық салаға енгізудің өзекті мәселелеріне баса назар аударып отыр. Бұл мәселелер жылдам әрі өзара тығыз әрекет ете отырып шешу қажет. Мұндағы мәселе тек ЖИ жұмысының құқықтық негізін жетілдірумен шектелмейді, одан бөлек деректердің шашыраңқылығы, суперкомпьютердің қуатын бөлу бойынша нақты регламенттің болмауы, киберқауіпсіздік, QazTech платформасына толық көшу сынды мәселелер шешімін табу керек. Бұл міндеттердің барлығы еліміздің цифрлық трансформациясы үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан да көзге көрінетін экономикалық нәтижемен осы жылдың желтоқсан айына дейін орындалуы тиіс», деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, ұсынылған тәсілдерді пысықтау тапсырылды. Үкімет жақын арада нақты мерзімдері мен нәтижелері бар іс-шаралар жоспарын қабылдайды.

ЖИ-ді жедел дамыту және экономикаға енгізу, сондай-ақ Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылуын бақылау мақсатында Премьер-министрдің өкімімен цифрлық трансформация жөніндегі топ (цифрлық штаб) құрылды.

Премьер-министр төрағалық ететін цифрлық штаб құрамына: Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Президенттің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі кірді.

Цифрлық штабтың міндетті шешімдерді жылдам қабылдауы жасанды интеллект технологияларын жедел әрі жаппай енгізуге ықпал етеді.