Аталмыш өзгерістер қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер беруде.
Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі белсенді түрде енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Аталмыш өзгерістер қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер беруде. Білім беру министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, пилоттық жоба аясында 20 қала мен 7 аудан қамтылған. 461 мың ваучер беріліп, балабақшалардағы кезек 93 мың орынға қысқарған. Сондай-ақ, бюджет қаражатын 7,7 млрд теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік берген.
2024 жылдан бастап жұмыс істей бастаған ваучерлік механизм мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Биылғы жылдың соңына дейін оны елдегі барлық балабақшаларда енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министрлік ауқымды білім беру бастамаларын қолға алуда. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік «Тілге бойлау» және «Беске дейін үлгер» жобасын кеңейту басталады. Бұлар бұған дейін бес өңірде сынақтан өткен. Аталған жобалар аясында 135 балабақшадағы 7 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді меңгерсе, 37 мыңнан астам ата-анаға кеңес пен әдістемелік көмек көрсетілді.
Ерте жастан еңбек дағдыларын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Қыркүйек айында 100 балабақшада 12 мың бала еңбекке баулынатын жаңа пилоттық жоба іске қосылады.
Білім беру реформаларымен қатар, қауіпсіздікке де басымдық берілуде. Салалық ведомстволармен бірлесіп, баланың құқықтарын кешенді қорғаудың жеті негізгі бағытын қамтитын «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Министр атап өткендей, 100 адамнан асатын барлық білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Бүгінде ұйымдардың 98%-ында турникеттер орнатылған, 97%-ы лицензияланған күзетпен келісімшарт жасаған, 96%-ы дабыл түймелерімен жабдықталған, ал 81%-ы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған.
Ғани Бейсембаев әкімдіктерді жабдықты орнатуды жеделдетуге және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге шақырды. Оның айтуынша, құрылып жатқан жүйе тек білім беру туралы ғана емес, ата-аналардың балаларының қауіпсіздігіне деген сенімін арттыру туралы да болып отыр.