Шымкентте 13 кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы берешегі 133 миллион теңгеге жеткен .

Еңбек инспекторларының араласуынан кейін төрт компанияның қордаланған қарызы мәжбүрлі түрде өндірілетін болды. Іс құжаттары жеке сот орындаушыларына жолданды. Биыл өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелерде 162 заң бұзушылық анықталды. 59 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көп жағдайда еңбек шарты жасалмаған, қызметкерлер, заңсыз қосымша жұмысқа тартылған. Одан бөлек қауіпсіздік талаптары бұзылып, міндетті әлеуметтік төлемдер уақытылы аударылмаған. Жалпы өндірісте 13 адам зардап шегіп, төртеуі мерт болған. Құзырлы орган өкілдері тергеп тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

Жеңіс Мақұлбаев, мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:

- Құрылыс саласында үш жазатайым оқиға болды. Өндіріс саласында үшеу. Коммуналдық қызметтер көрсету саласы үшеу. Жалпы қызмет көрсету саласында үшеу және көлік саласында бір оқиға орын алған болып тұр. Оның мән-жайларын анықтап, процестік шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына жібердік.