«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кейінгі үш жылда Абай облысына 10 млрд теңге бөлді.

Бұл қаражат қайырымдылық пен білім беру саласындағы жобаларға бағытталды. Семейдегі абилитация және оңалту орталығы, сондай-ақ Бородулиха ауданындағы орта мектеп жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жалпы өңірде 7 мектеп заманауи құралдармен жабдықталмақ. Өңірдегі әріптесім тарқатып айтады.

Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және оңалтуға жағдай жасау. 2022 жылдан бері Абай облысына осы мақсатта 230 миллион теңге бағытталған. Қаражат арнайы орталықтарды жабдықтауға жұмсалды. Төрт балаға инновациялық протез алынса, 45 бала үй жағдайында қолдануға арналған оңалту құрылғыларына қол жеткізді.

Ернар Әлібек, реабилитолог:

- Бұл құралдар баланың тепе-теңдікті ұстау қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Яғни отырғанда тік отыру және басты тік ұстау қабілеті. Жаңа құрылғылар церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға таптырмас құрал. Олардың өз бетінше әрекет етуіне жағдай жасайды. Осылайша олардың эмоционалдық жағдайына оң әсер етеді.

«Бүгінде Семейде 30 бала үй жағдайында оңалтудан өтіп жатыр. 7 бүлдүршін орталықта ем-дом қабылдайды. Бұл жаттығулар балаларға жақсы әсер етеді», — дейді ата-аналар. Осы күнге дейін екі бала арбаны тастап, өз аяғымен жүре бастаған.

Назым Рашидқызы:

- Ең алдымен бими кресло коляскасынан бастадық. Басын ұстады, оң қолымен көбірек қимылдай бастады. Қасықты ұстай алды. Бұрын өздігінен отыра алмайтын. 5 минутқа да отырмайтын, қазір 10 минутқа дейін отырады. Өте жақсы нәтижелер көріп жатырмыз. Өте жақсы мүмкіндіктер деп айтқым келеді.

Ал Бородулиха ауданындағы жалпы білім беретін мектеп заманауи құрылғылармен жабдықталды. Интерактивті тақталар, компьютерлік сыныптар мен зертханалық құралдар, барлығы оқушылардың сапалы білім алуына арналған.

Балнұр Бекетай, Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп директоры:

- Бізге бекітіліп берген шағын жинақтың мектептің оқушыларына да мүмкіндік беру. Бір мектепті жабдықтау арқылы бірнеше мектептің баласына сапалы білім алуына, шығаршамылықпен айналысуына өзінің қабілетін жетілдіруге, кәсіптік болашақта бағдар алып, өзінің кәсібін дөңгелетін, бизнес ашып кетуге мүмкіндік беретін үлкен бір жоба.

Жалпы Абай облысында 7 мектеп қазақстан халқына қоғамдық қорының қолдауымен жабдықталыпты. Жаңартылған сыныптарда робототехника мен IT бағытында арнайы үйірмелер де жұмыс істейді. Бұл ауыл мектебі үшін үлкен мүмкіндік.

Динара Нұрқасымова, Қазақстан халқына қоғамдық қорының жоба менеджері:

- Бұл жобада біз Қазақстан бойынша 135 мектеп 17 өңірде 33,5 млрд теңгеге жабдықталды. Бір мектепке 250 млн теңге қаржы бөлінеді. Сол жоба аясында 30-33 кабинет жабдықталды. Химия, физика, биология, робототехника кабинеті, телестудия және де тағы басқа кабинеттер жабдықталды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Қор алдағы уақытта да өңірлерді дамытуға бағытталған игі істерді жалғастыруды көздеп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, 24KZ