Маңғыстау облысында күзгі-қысқы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр.
Оның барысымен аймаққа арнайы барған Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов танысты. Қазір Ақтаудағы жылу желілерінің біршамасы ескірген. Дегенмен, мамандар қазір тиісті жұмыстарды жүргізіп, тозу деңгейін төмендетеміз, деп отыр. Қар түскенше жергілікті халықтың үйіне жылу кіре ме?
Биыл МАЭК-тегі үш нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал өңірлік электротораптық компаниясы бойынша 500 шақырымға жуық желіні жөндеу көзделген. Премьер-министрдің кеңесшісімен өткен жиында аймақ жауаптылары осылай деп, Ералы Тоғжановты атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
- Маңғыстау атом электр комбинатындағы 2 қазандық қазір резервте, 1 қазандық күрделі жөндеуде тұр. Сондықтан олардың жүзеге асыру деңгейі қанағаттанарлық деп айтуға болады. Себебі 23 қазанда жөндеуде тұрған қазандық іс жүзінде дайын болады. Ол жерде генератор мәселесі бар екен. Бірақ мердігер ұйымдардың бәрі анықталған. Ол сұрақтар жақын арада шешіледі. ЖЭО-1 резервте, ЖЭО-2 толық жұмыс істеуде.
Ақтау қаласының өзінде де жұмыс қарқынды. Шаһарда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу шаралары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Сондай-ақ жылу желілерін тазалау және оларды қысыммен тексеру жұмыстары жүйелі орындалуда.
Нұрсұлтан Болатов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Маңғыстау облысы бойынша қазір 90 пайызға дайынбыз деп ойлап отырмыз. Көптеген жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 5 аудан, 2 қала қазір күзгі-қысқы кезеңге дайындығын аяқтады десек болады.
Ақтаудағы магистральдық жылу желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде қайта жаңғырту жоспарына сәйкес, 20 шақырым жылу құбырының 18 шақырымы жаңартылды. Бұл жұмыстарға Үкімет резервінен 3 миллиардтан астам, ал жергілікті бюджетен 20 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.
Альмира Оразбай