Қазақ киносы тағы бір тың туындымен толықты .
«Қолыңнан келсе, алып қаш» — қоғамдағы күрделі тақырыптарды қалжыңға орап жеткізген отбасылық комедия. Our Media Group студиясының фильмі бүгіннен бастап үлкен экранға жол тартты. Фильм күлдіреді, ойландырады, еріксіз көзге жас үйіреді.
Басты кейіпкер Самалдың өмірі сырттай қарағанда түзу сияқты. Бірақ бір күнде бәрі өзгеріп шыға келеді. Көріпкелдің «бал ашып» айтқан болжамы орындалып, ауылдағы Бақыт есімді жігіттің күтпеген әрекеті күлкі мен қайғы қатар өрілген оқиғаның бастауына айналады.
Азамат Рзағалиев, креативті продюсер:
- Қазір енді қоғамда ажырасқан әйелдерге көзқарас басқаша ғой. Бірақ біз соны ауыстырғымыз келіп, олардың өмірінің ауыртпашылығын көрсетіп, ажырасу деген таңба емес, әр әйел адам өзінің бақытын табуға тиіс деген сондай ой көрсеткіміз келді бір жағынан.
Фильм бар болғаны бір айға жуық уақыт ішінде түсірілген. Бірақ қысқа уақытқа қарамастан, түсірілім тобы әр сахнаны шынайы әрі шымыр қылып шығаруға тырысқан.
Айшолпан Байтүгел, актриса:
- Көрерменге барлығына ой салады. Жасы болсын, кәрісі болсын. Себебі бұл жерде біріншіден, өмірде болып жатқан қазіргі неше түрлі адамдардың жолыңды кесіп шығуы, яғни неше түрлі сенің жақсылығыңды пайдаланып, соны өзінің пайдасына іске асырғысы келген адамдардың болатыны және жігіттер де қыздарды алып қашып кетуіне болатыны, егер ұнатып тұрса. Айтар нәрсесі көп. Жылатады да, күлдіреді де. Сондықтан, көріңіздер.
1,5 сағатқа жалғасатын картинаның актёрлік құрамы да тартымды. Зарина Кәрмен, Қанат Тасхан, Жансая Мұратбекқызы және өзге де көрермен көзайымына айналған актёрлар кинода барын салған. Егер көрермен жақсы қабылдаса, жалғасы түсіріледі деген жоспар бар. Картина бүгіннен бастап елдегі барлық кинотеатрларда көрсетіледі.
Алуа Ералықызы, Радик Джакупов