Оны британ-нигериялық суретші Алматы үшін арнайы жасаған .

Almaty Museum of Arts мұражайының бас кіреберісіне британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаренің мүсіні орнатылды. Бұл туралы мұражайдың баспасөз қызметі хабарлады.

Мүсін пішіні желкенді кемелерге ұқсас. Ғасырлар бойы мұндай кемелер Атлант мұхиты арқылы құлдарды тасымалдаған. Йинка Шонибаре "ештеңеден жасалған мүсін" жасауды мақсат етіп, желдің табиғатын қағазға түсіргісі келді. Ол өз шеберханасында мата мен шаш кептіргіш (фен) арқылы эксперимент жасап, ауа ағыны матаға соққанда пайда болатын пішіндерді суретке түсірді. Ауыр алюминийден жасалғанына қарамастан, мүсін жеңіл әрі ауада қалқып тұрғандай әсер қалдырады.

Бұл жұмыс Ankara матасын еске түсіретін ерекше өрнектерімен назар аударады. Ankara матасы батик немесе "голланд балауызы" деп те аталады. Ол Африкамен байланысты болғанымен, тарихы одан да күрделі. Бастапқыда Индонезияда ойлап табылған бұл матаның технологиясын кейін голландиялықтар меңгеріп, жаппай өндірісті жолға қойды және оны Азияға қайта сатуды жоспарлады. Алайда, ол жерде аса танымал болмай, Батыс Африкада сұранысқа ие болды. 1950-60 жылдардағы тәуелсіздік үшін күрес кезінде Ankara матасы ұлттық бірегейлік пен отаршыларға қарсылықтың символына айналды. Оның тарихы әртүрлі мәдениеттердің қалай араласып, тоғысқанының айқын мысалы. Шонибаре өз шығармашылығында дәл осы мәдениеттер диалогы идеясын шеберлікпен жеткізеді.

Йинка Шонибаре – шығармашылығы отаршылдық пен бірегейлік тақырыптарын зерттейтін британ-нигериялық суретші. Ол қазіргі заманның ең танымал суретшілерінің бірі, оның жұмыстары әлемнің жетекші мұражайларында, соның ішінде Чикагодағы Art Institute of Chicago, Лондондағы British Museum, Париждегі Centre Pompidou, Вашингтондағы Hirshhorn Museum, Нью-Йорктегі MoMA, Сан-Францискодағы San Francisco Museum of Modern Art, Лондондағы Tate, Кейптаундағы Zeitz MOCAA және басқа да көптеген мұражайларда қойылған.


Оқи отырыңыз:

  • Абай облысының оқушысы қазақ тарихын зерттейтін 3D мұражай жасады
  • Астана маңында аспан астындағы тарихи-мәдени мұражай салынып жатыр