Испанияның Жерорта теңізіндегі Балеар аралдарына ағылған заңсыз мигранттар легі тамыз айында күрт өсті, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы үш күннің ішінде шағын қайықтармен жағалауға алты жүзден астам адам жеткен. Олардың басым бөлігі Солтүстік және Шығыс Африка елдерінен шығыпты. Аймақ билігі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, үкіметтен қосымша теңіз күзеті мен полиция күштерін тартуды сұрады.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Сарапшылар Испанияның Балеар аралдарын «Еуропадағы миграция дағдарысының жаңа қақпасы» деп сипаттайды. Бұл бағытты таңдаушылар, әсіресе, Канар аралдарына ағылатын дәстүрлі жолға бақылау күшейгеннен кейін арта түсті. 2025 жылдың алғашқы жартысында Балеар аралдарына шамамен үш мың мигрант заңсыз жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170%-ке, ал 2023 жылға қарағанда бес есеге артық.

Хелена Малено, Мигранттар құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйым жетекшісі:

- Соңғы аптада 38 қайықпен 639 адам Балеар аралдарына жетті. Бұл – Алжир жағалауынан басталып, испан аралдарына апаратын бақылауы әлсіз әрі өте қауіпті теңіз жолы. Көбіне шағын үрмелі қайықтар толқынға төтеп бере алмай қирайды. Соған қарамастан, келімсектер 46-50 сағаттық қиын сапарды балаларымен бірге еңсеріп, жағалауға жетіп отыр.

Испанияның Балеар аралдарына заңсыз жеткен мигранттардың дені Солтүстік және Шығыс Африкадан шыққандар. Соңғы айларда, әсіресе, Сомали, Эритрея және Оңстүстік Судан сияқты тұрақсыздық жайлап, климаттық дағдарыс пен соғыстан көз ашпай отырған елдерден келген келімсектер көп. Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы келтірген дерекке сәйкес, 2025 жылы Оңтүстік Судан халқының 57%-і, яғни, шамамен 7,5 млн-нан астам адам аштыққа тап болған. Амалы құрыған тұрғындар теңіз арқылы тентіреп, тыныштық пен тамақ іздеп Еуропаға ағылуда.

Рубен Пулидо, миграция мәселесі бойынша сарапшы, заңгер:

- Халықаралық ұйымының ресми дерегі бойынша 2024 жылы Жерорта теңізінде 2500-ден астам адам суға кетіп қаза тапқан. Бұл – соңғы сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы Жерорта теңізі соңғы онжылдықта әлемдегі ең қауіпті көші-қон бағыттарының бірі саналады: әрбір 40-шы адам сапар кезінде көз жұмады. Мигранттардың көбі қылмыстық топтарға сеніп, бар жиған-терген ақшасын төлем ретінде ұсынады.

Europol есептері Солтүстік Африкадан келетін заңсыз көші-қон желісі есірткі трафигімен тығыз байланыста екенін көрсетті. Бұл кездейсоқ емес, себебі заңсыз көші-қон жолдары көбіне ұйымдасқан қылмыстық топтардың бақылауында болады. Тамыз айында күрт өскен келімсек санына алаңдаған Балеар аралының билігі уақытша орналастыру инфрақұрылымының жеткіліксіз екенін айтып, орталық үкіметтен қосымша қаражат және теңіз күзеті мен полиция күштерін тартуды сұрады. Дегенмен, бұл да мәселені толық шешпейді. Сондықтан Испания Алжирмен шекаралық ынтымақтастықты күшейту бойынша келіссөздер жүргізуге ниетті.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач