"Taekwondo, Facing the World" көрмесі ашылды.
Елордада таеквондоға арналған көрме ашылды. Шараның өтуіне Корея Республикасы Елшілігінің мәдени орталығы ұйытқы болды. Құрметті меймандардың қатарында Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжо Тэик және Қазақстан таеквондо федерациясының өкілдері бар. Айта өткен жөн, Корея халқының ұлттық спорты саналатын бұл жекпе-жек өнері 1945 жылы пайда болды. 1960 жылы "таеквондо" деген бірыңғай атау алды. Араға 10 жыл салып, алғашқы әлем біріншіліктері өткізіле бастады. Ал 2000 жылы жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді. Осынау көрме таеквондоның спорт түрі ретінде кең танылып, жаһандық деңгейде қалай дамығаны жөнінде тереңірек мәлімет береді, дейді ұйымдастырушылар.
Чжон Сан-Ги, Корея Республикасы ұлттық таеквондо музейінің директоры:
- Бұл көрме таеквондоның халықаралық деңгейге шығу тарихын баяндайды. Кореядағы ұлттық музейде 10 мыңнан астам жәдігер бар. Сол экспонаттардың 1 пайызы ғана Қазақстанға әкелінді. Ішіндегі ең құндысы 1960 жылы жекпе-жек өнері туралы жазылған оқу құралы. Қазақстандық спортшылардың таеквондодағы көрсеткіштері мен жетістіктері өте жоғары. Бұл жағдайға көңіліміз толады. Осындай көрмеміз биыл Үндістанда ашылды. Алдағы уақытта Венгрия және Польшада өткізу жоспарда бар.
Арал Садықов, Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы:
- Бүгін Корей мәдени орталығы басшысының шақыруымен келіп отырмыз. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Корея мен Қазақстан мәдениеті бір-бірімен ұқсас. Спортшыларға да, басқа да қонақтарға ұнады. Енді бірігіп, осы Корея таеквондосын әлем бойынша бірге дамытуға дайынбыз.