Бизнес-тренер елорданың сенгіш азаматтарын алдады. Енді ол алдағы бес жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Бұл туралы бүгін, 26 тамызда Астана прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, қылмыскер өзін онлайн-сауда және сатып алу саласындағы бизнес-тренер ретінде таныстырып, болашақ клиенттерді Instagram әлеуметтік желісі арқылы тартып, онлайн-саудаға үйрету курстарын ұсынған.
Оқыту аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға тұрмыстық техниканы көтерме саудалауға қаржы салуды ұсынып, салынған қаражаттың 10%-ы мөлшерінде табысқа уәде берген.
"Алайда, төлемді алып, уәде еткен шарттарын орындамай, клиенттермен байланысын үзіп, жасырынған",- делінген ақпаратта.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының 50 млн теңгеден астам залал келтірген 10 эпизодтан тұратын алаяқтық қылмысын толық дәлелдеді.
"Сот үкімімен кінәліге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды".Астана прокуратурасы