Еуропа мен Азияны жалғап тұрған Қазақстан әуе кеңістігі арқылы да әлемдік туризм және сауда нарығында маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды 24kz.

Қазірдің өзінде көрші мемлекеттермен арада рейстер қатары күрт артты. Биыл алғашқы жартыжылдықта отандық әуе компаниялары 7 млн-нан астам жолаушы тасымалдаған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ке көп.

Сосын жүк тасымалдауға назар аударыла бастады. Елде дәл осы бағытта арнайы компания құрылып жатыр. Алғашқы рейстер келер жылдың еншісіне тиесілі.

Айта кетерлігі, әлем нарығында әуе тасымалының көлемі 60 млн тоннаға жуықтаса, оның шамамен 15%-тен астамы Қазақстан арқылы өтеді. Жаңа компания құрылған соң бұл көрсеткіш тағы еселенуге тиіс.

Енді бұл арада қай елдерге қандай тауарлар тасылып жатыр?

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе рейстері көбейді. Отандық компанияның ұшақтары Шымкенттен Шанхай, Сиань, Үрімшіге қатынай бастады.

Ал көрші елдің компаниясы Гуанчжоу – Алматы арасында жолаушылар тасымалдауға кірісті. Жақында өткен Орталық Азия – Қытай конференциясының нәтижесінде Құлжа қаласына да әуе жолын ашу туралы келісім жасалды.

Дархан Қатышев, ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Алдыңғы жылда Қытаймен 60 рейс болса, қазіргі уақытта 78 рейс. 18 рейске көтерілді. Басқа мемлекеттермен де осылай. Қазіргі уақытта Турциямен рейстер көбейіп жатыр. Араб елдерімен рейстер көбейіп жатыр. Орталық Азиядағы әр мемлекетпен бізде рейстер бар.

Еуразияның қақ ортасымен әуе кемелері арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдау тұтас Еуропа үшін де тиімді. Мұны жақсы түсінген шетелдік компаниялар Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға күш салып жатыр. Мәселен германиялық инвестор Жетісу облысында халықаралық жүк және жолаушылар әуежайын салуға ниетті. Келісімге сәйкес компания авиациялық нысанның құрылысын жүргізіп, отандық материалдар мен қызметтерді пайдалануы керек. Сондай-ақ қызметкерлердің кемінде 90%-і қазақстандық болуға тиіс. Бұдан бөлек, әуе айлақтары ғана емес, дәл осы ұшақ қатынасының арқасында енді бизнес те қанат жая бастайды.

Кристин Грётцбах, Skyhansa компаниясының негізін қалаушы

- Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі хаб болады. Атап айтқанда, жүк және жолаушылар терминалы, жанармай құю кешені, авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы, бизнес орталығы мен қонақ үйлер салынады.

Енді Президент тапсырмасына сәйкес елде жүк тасымалдайтын әуе компаниясы құрылады. «Қазақстан темір жолы» мен «Самұрық-Қазына» бірлесіп, тиісті жұмыстарды бастап кетті. Дәл қазір ұлттық заңнама мен халықаралық авиациялық стандарттар негізінде корпоративтік рәсімдеу шаралары жүріп жатыр.

Әділбек Әбдіқалықов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Мультимодальды тасымалдаулар департаментінің бас менеджері:

- Бастапқы кезеңде 3 бірлік көлемінде әуе кемелерінің флотын қалыптастыру жоспарлануда. Алдағы уақытта маршруттық желінің кеңеюіне қарай әуе компаниясының паркін кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда. Ұшақтардың негізгі паркі «Boeing» ұшақтарынан тұрады деп жоспарлануда.

Алғашқы рейстер келер жылы ашылады. Бұл кезеңде көрші елдер, БАӘ және Түркия бағытындағы маршруттар да қамтылады. Еуропа бағытына да басымдық беріледі. Мамандар әуе кемелері арқылы тасымалданатын тауарлар тізімі ұлғаятынын айтады. Жүкті ұшақ арқылы жеткізу өнімнің бұзылмай, сапалы жетуіне де сеп болмақ.

Әділбек Әбдіқалықов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Мультимодальды тасымалдаулар департаментінің бас менеджері:

- Жүктерді әуе тасымалдау нарығы ерекше және негізінен электроникадан, өнеркәсіптік өнімдерден, электронды сауда тауарларынан және тез бұзылатын жүктерден тұрады. Құрылған әуе компаниясы үшін ең жылдам дамып келе жатқан және тартымды нарығы E-commerce нарығы болып табылады. Оған біз ерекше назар аударамыз.

Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін барынша арттыра түскені айқын көрінеді. Қазірдің өзінде әлемдік нарықта жүк тиелген ұшақтардың шамамен 15%-тен астамы біздің елдің әуе кеңістігі арқылы өтеді. Елде ірі жоба толық жүзеге асса, жүк ағыны жылына 50 млн тоннаға жетуге тиіс.

Авторы: Еркебұлан Смадияров