Енді Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы бар. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында ашылу салтанатты өтті, деп хабарлайды 24kz.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Енді Қытайда Қазақстанның өз мәдени орталығы жұмыс істейді. Бейжіңнің қақ ортасындағы Чаоян деген ауданда орналасқан. Бұл өте қолайлы жер. Бұл – Қазақстанның шетелде ашылған алғашқы мәдени орталығы. Жаңа ғана оның ашылу рәсіміне біздің Президент қатысты.
Жоба Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин екі елге теңдей мәдени орталықтарын құру туралы келісімінің нәтижесінде жүзеге асты. Бұл көршілес елдер арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы ортақ мүдде мен тығыз байланысты білдіреді. Орталықтың жұмыс жүйесі, мақсаты бір. Ол қазақтың мәдениеті мен тарихын, тілі мен өнерін, дәстүрін тұрақты түрде насихатталатын орын болады. Орталықтың жалпы аумағы 620 шаршы метр. Бұл кез келген іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге жеткілікті. Ішінде кітапхана, концерт, әртүрлі тақырыпта лекциялар өткізуге мүмкіндік бар. Қазақ тілі мен музыка үйрету арнайы кабинеттері бар. Сонымен қатар еліміздің туристік әлеуеті де осы жерде таныстырылады. Бұдан бөлек, көрме залы болады. Онда 100-ден астам тарихи-мәдени жәдігерлер қойылады. Сақтар кезеңі, Есік пен Берел қорғандары және еліміздің өзге де аймақтарынан табылған жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ музыкалық аспаптар, ұлттық қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары, сандық, астау, сырмақ, құрақ көрпешелер сияқты тұрмыстық заттар көрсетіледі.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бұл жерде ең маңыздысы, осы орталықтың жұмысының шеңберінде мына біздің жаңағы ұлттық аспаптарымыздың, ең басты домбырамыздың, домбырамызды үйретуге класс ашылады. Екіншіден, қазақ тілін үйретуге класс ашылады. Бұл енді менің ойымша, үлкен мүмкіндік. Өйткені мынау Қытайда қазақ тілін үйренем, қазақтың домбырасын үйренем дегендерге біз жаңағы үлкен мүмкіндіктер беріп отырмыз.
Міне, өзіңіз көріп отырсыз, келіп-кетіп жатқан адамдардың барлығы қашан ашылады, қашан таныса аламыз деп сұрақтарын қойып жатыр. Сұраныс өте жоғары, қызығушылық бар. Сондықтан менің ойымша, бұл да болса біздің жаңағы еліміздің шетелде мәдениетінімзді таныстыруға, мәдениетімізді жандандыруға үлкен жол ашады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Ашылу салтанаты кезінде Қазақстанның бірегей мәдениеті мен табиғи нысандары туралы мәлімет көрсетілген мультимедиялық стендтің тұсаукесері өтті. Кітапхана таныстырылды. Абай кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Музыка және шығармашылық кабинеті ашылды. Сондай-ақ қазақ тілі кабинеті таныстырылды.