Мектеп асханасындағы тамақ сапасы сын көтере ме? Бұл мәселенің талай рет қоғам назарына ілінгені белгілі. Түрлі түйткілдер жаңа қадамға баруға түрткі болды, деп хабарлайды 24kz.

1 қыркүйектен бастап тамақтану ережелері өзгерді. Енді оқушылар тағамының құрамындағы қант пен тұз азайтылып, пайдалы ас түрі көбейтілуге тиіс. Жалпы асханалар ас әзірлеу тәртібін сақтап жатыр ма? Қанша мектепте тексеру жүргізілді?

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Маңғыстау облысында 460 бала мектептегі асхананың тамағынан уланғаны есте. Әрине, ешбір ата-ана білім алып жүрген перзентінің денсаулығына кінәрат келгенін қаламайды. Бірақ кейбір жауаптылар бұған жол берген. Әлгі оқиғаға қатысты тергеу жүргенде, асхана қызметкерлерінен стафилококк бактериясы анықталды. Сұмдық дерсіз. Ақырында маңғыстаулық мектептің 4 қызметкері жауапқа тартылды. Бастысы, бұл оқиға көпке сабақ болды.

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Енді жағдай басқаша. Талаптан жалтаруға жол жоқ. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханаларына алдын ала ескертусіз тексеру жүргізуді ұсынды.

Қымбат Бексеитова, №103 «Келешек мектебі» асханасының меңгерушісі:

- Әрине, дайынбыз. Салада 25 жыл еңбектеніп келеміз. Тамақты алдын ала әзірленген мәзір бойынша дайындаймыз. Биыл жаңа стандартқа сай құжаттаманың барлығы өзгерді. Бізге балаларының денсаулығын сеніп тапсырған барша жанға алғыс айтамыз. Әрқашан барлығын дәмді етіп әзірлеуге тырысамыз.

1 қыркүйектен бастап енгізілген тамақтану стандарты мынадай: ас мәзірінде қант қолдану 3,5 еседен аса, тұзды пайдалалану 5 есеге дейін азайтылды. Себебі тым тәтті мен ащы тағам жас ағзаға зиян. Есесіне, оқушылардың ас мәзірінде көкөніс пен жеміс көбейді. Сосын сүт өнімдері көбірек пайдаланылады.

Майгүл Қайнарбаева, диетолог-нутрициолог:

- Әртүрлі тәтті нан өнімдері дейміз ғой, кекс сияқты, бөлкелер сияқты, құрамында әртүрлі ортасында салмасы бар тәтті өнімдер көпшілігінде трансмайлар бар. Ондай өнімдер балаларды ерте жүрек ауруына алып келуі мүмкін. Артық салмақ пен семіздікке. Тиімді жолы – оларды шектеу немесе мәзірден мүлде алып тастау.

Ас – адамның арқауы дейміз ғой. Балаға дәмді ботқа, ақуызға бай ет, дәруменді көкөніс пайдалырақ. Алайда сол тағамның өзін сапалы етіп бере алмайтындардың кездесетіні қынжылтады. Құзырлылар оқу жылы басталар бұрын тағы да тексеру жүргізген. Нәтижесінде түрлі олқылыққа қатысты 246 нұсқама беріліп, заңсыздықтар үшін 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 90 қызметкер жұмыстан шеттетілген.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды. Мектеп оқушыларының тамақтану стандартын енгізу, профилактикалық тексерулер жүргізу, вакцинацияны ұйымдастыру және балаларға шұғыл көмек көрсету бойынша 2 мыңнан астам мектеп мейіргерлері оқытылды.

Енді мектеп асханаларындағы мәзірді әзірлеу құзыреті Денсаулық сақтау басқармаларына берілді. Бұрын оған білім басқармалары жауапты еді. Тағамды дайындау барысын қадағалау міндеті мектептердегі медицина қызметкерлеріне жүктелді.

Авторы: Рухани Әбдірахман