Сербиялық Numbeo онлайн-платформасы әлем қалаларының тұрмыс шығындарын салыстырып, биылғы ең қымбат шаһарлардың рейтингін жариялады. Бағалау кезінде тұрғындардың күнделікті шығындары – азық-түлік, көлік, коммуналдық қызмет және мейрамханадағы бағалар ескерілді. Негізгі көрсеткіш ретінде Нью-Йорктегі өмір сүру құны 100 баллға тең деп алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рейтинг бойынша Швейцария көш бастап тұр. Елдің алты бірдей қаласы Нью-Йорктен қымбат саналды. Бірінші орында – Цюрих (112,5 балл). Мұндай нәтижеге ұлттық валютаның қымбаттығы мен жоғары жалақы әсер еткен. Сол себепті Женева, Базель, Лозанна, Лугано және Берн де тізімге кірді. Швейцария қымбат ел болғанымен, жоғары өмір сапасы, медицинасы, инфрақұрылымы және табиғатымен ерекшеленеді.

Тізімге АҚШ-тың бірнеше ірі қаласы да енген. Нью-Йорк – өмір қымбаттығымен қатар, мүмкіндіктерімен де әйгілі қала. Сан-Франциско мен Сан-Хосе – Кремний алқабының орталығы, мұнда стартаптар мен IT алыптарының шоғырлануы бағаны өсірген. Сиэтлде де жоғары табысты мамандардың көптігі тұрғын үй мен қызмет құнын қымбаттатып отыр. Гонолулу болса, географиялық ерекшелігіне байланысты қымбат қала саналады: азық-түлік пен тауарлар аралға әуе және теңіз арқылы жеткізіледі.

Исландия астанасы Рейкьявик те ең қымбат қалалардың қатарында. Себебі елге азық-түліктің басым бөлігі сырттан әкелінеді. Туризмнің дамуы қонақүй мен мейрамхана бағасының қымбаттауына әсер еткен.

Азияда Сингапур ерекше көзге түседі. Индексі – 85,3. Мұнда көлікке қойылған мемлекеттік шектеулер мен қымбат баспана өмір құнын өсіріп тұр. Дегенмен қауіпсіздік пен қызмет сапасы өте жоғары деңгейде.

Скандинавиядан Норвегияның астанасы Осло рейтингке енді. Жоғары салықтар әлеуметтік қолдау арқылы өтелсе де, туристер үшін қала қымбат болып саналады.

Ал Ұлыбританиядан Лондон бұл тізімнен тыс қалған жоқ. Қаланың қымбаттығына халықаралық компаниялардың көптеп орналасуы және тұрғын үйге жоғары сұраныс басты себеп. Орталықтағы пәтер бағасы мен жалдау ақысы табыстың басым бөлігіне пара пар.