Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесіне орай бүгін Оралда «Тіл – тұтастық туы» атты ауқымды фестиваль өтті.

Шара барысында жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланып, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуға атсалысқандар марапатталды. Бүгінде өңір тұрғындарының 86% қазақ тілінде еркін сөйлесе, соңғы үш жылда үш мың азамат тіл үйрету курстарына қатысқан. Оның 40% өзге ұлт өкілдері.

Облыс тұрғындарының 21% өзге ұлыстар болса да, барлығын біріктіретін ортақ құндылық – мемлекеттік тіл. Өңірде қазақ тіліне қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бүгінде балабақша тәрбиеленушілерінің 80 пайызы мемлекеттік тілде тәлім алады. Тіл фестиваліне жиылғандарды құттықтаған өңір басшысы «Бұл мереке елдік пен бірліктің, рух пен мәдениеттің, тарих пен тағдырдың айнасы», деп атап өтті.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал» деген болатын. Бұл сөз – тілдің ұлт үшін өмірлік маңызы мен қастерлі орнын айқын аңғартады. Қазақ тілінің қасиеті оның тереңдігінде, құдіреті халықты ұйыстыра алуында. Тілімізді дәріптеп, ұрпаққа аманаттау – бәріміздің азаматтық парызымыз.

Орал өңірінде биыл тіл тақырыбында 150-дей іс-шара өткен. Бүгінгі фестивальде мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатқандар марапатталды. Солардың бірі теректілік — Вера Дик. Неміс ұлтының өкілі «Достығы шалқыған шаңырақ» байқауының жеңімпазы.

Вера Дик-Медетова, байқау жеңімпазы:

- Балаларға да үйде қазақша сөйлеңдер деп айтамын. Немерелермен қазақша сөйлейміз. Қазақ тілін білу керек деп ойлаймын. Патриоттық сезім болу керек қой Қазақстанда тұрғасын. Қазір, мысалы, Қазақстанда басқа ұлт өкілдеріне өздерінің де салт дәстүрлерін, тілін сақтауға, дамытуға, ұмытпауға мүмкіндік жасалып жатыр. Бірақ соның өзінде қазақ жерінде тұрғасын қазақ тілін білуі керек әр адам.

«Тіл тұтастық туы» жалпыхалықтық фестиваліне этномәдени бірлестік өкілдері де белсене қатысты.

Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов