Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында ел экономикасының негізгі драйвері саналатын маңызды бағыттарға назар аударады. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Ол бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатса да, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен екенін айтты. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. "Бұл факторлар ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр", — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс.