Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарына үндеу жасап, желі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Дархан Сатыбалды Алматының әкімі ретіндегі алғашқы жұмыс күні мемлекет басшысының қабылдауынан басталғанын жазған.
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламыздың болашағына қатысты бірқатар маңызды тапсырма жүктеді. Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту, жол-көлік жүйесін жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу мен экономиканы әртараптандыру – алдағы жұмысымыздың басты бағыттары болмақ" — деп жазды ол.
Әкім осы орайда алматылықтарды қаланы бірге көркейтуге шақырды.
"Құрметті алматылықтар! Алматы – арман мен мүмкіндіктер мекені. Бұл шаһарға шынайы жанашырлықпен, тың серпінмен, нақты іспен қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп, тізе қосып еңбек етсек, ару қаламызды одан әрі көркейте аламыз.
Әсем Алматының әрбір көшесі мен әр тұрғыны үшін нақты өзгерістер жасау, аянбай қызмет ету – біздің басты міндетіміз! Кеше айтылған басым бағыттарды біртіндеп, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырамыз!", — деп жазды Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, 24 мамырда Алматының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.
Ол бұл қызметте қаланы 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған Ерболат Досаевты алмастырды.
Сондай-ақ Дархан Сатыбалды алдағы жоспарларын бөлісіп, қызметінде қандай мәселелерге басымдық беретінін айтты.