«AMANAT» партиясының хатшысы, Білім министрлігінің бұрынғы вице-министрі Шолпан Каринова мектеп оқушылары арасында академиялық адалдықты қалыптастырудың маңызын көтеріп, бұл құндылықты бала кезден бойға сіңіру керектігін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, адалдық – білім беру жүйесінің өзегі. Егер оқушылар арасында академиялық әділдік болмаса, онда шынайы білім де, шынайы нәтиже де болмайды.

«Академиялық адалдық – бұл барлық мектептер мен оқушылар үшін міндетті қағида. Оны бұзғаны үшін нақты жауапкершілік болуы тиіс. Өйткені ересек өмірде тоқтатылмаған жаман әдеттер әлдеқайда ауыр салдарға алып келеді. Мұндайды біз балаларымызға қаламаймыз», – дейді Шолпан Каринова.

Ол ата-аналардың рөлін ерекше атап өтті. Баланың тәрбиесі – отбасындағы көзқарас пен қарым-қатынастың көрінісі екенін айтты.

«Ата-аналардың дұрыс көзқарасы, құрмет пен түсінікке негізделген тәрбиесі – баланың болашақтағы тәртібіне тікелей әсер етеді. Тәртіп пен тәрбие ашық талқылау мен сенімді ортада қалыптасуы керек», – дейді ол.

Шолпан Каринова академиялық адалдыққа ерекше назар аударатын елдердің тәжірибесін де мысалға келтірді:

• Сингапур – емтихандағы тәртіп бұзу ұлттық дерекқорға тіркеліп, ЖОО-ға түсуге кедергі болуы мүмкін;

• Оңтүстік Корея – емтиханнан шығару, нәтижелерді жою, келесі сынақтарға қатысуға тыйым;

• АҚШ – «Honor Code»-ты бұзғаны үшін уақытша шеттету мен ЖОО-ға түсуге әсер ететін жазбалар;

• Қытай – емтихан кезінде заң бұзу үшін әкімшілік және қылмыстық жаза;

• Германия – бағаларды жою, оқу жылын қайта оқу;

• Үндістан – бірнеше жылға емтиханнан шеттету, ал таратушылар қылмыстық жауапқа тартылады.

Сарапшының пікірінше, жаман бала болмайды. Балалар тек үлкендердің бейқамдығынан қателеседі.

«Баланы кінәламас бұрын, өзіміздің оларға қаншалықты жауапкершілікпен қарағанымызды ойлауымыз керек.

Академиялық әділдік – білім сапасының, ал сапалы білім – мемлекеттің болашағының кепілі», – деді Каринова.

Еске сала кетейік, бұған дейін НЗМ мектебінің оқушысы емтихан үстінде телефонын тартып алған мұғалімді балағаттағанын жаздық. Қазір бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.