Энергетика министрлігі АИ-92 бензинінің қымбаттауы мен автогаз бойынша үзілістерге қатысты шағымдарды қабылдауға арналған жедел желіні іске қосты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Егер сіз АИ-92 маркалы бензин бағасының негізсіз өсуін немесе АЖҚС-тар жанармайдың болмауын байқасаңыз, Министрлік жедел желі телефонына хабарласуды сұрайды: +7 701 855 0248. Өтініштер тәулік бойы, 24/7 режимінде қабылданады.

"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен отынның жасанды тапшылығын туғызуға бағытталған кез келген әрекеттерге қатаң тосқауыл қояды", — деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік барлық қажет отын көлемі өңірлердің өтінімдеріне сәйкес жөнелтіліп, мұнай базаларында сақталып тұрғанын атап өтті. Тапшылыққа себеп болатын объектив факторлар жоқ.

"Сұйытылған мұнай газы бойынша: өндіруші зауыттардың бірінде жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары министрлік тарапынан алдын ала ескеріліп, жоғары сұраныс байқалатын өңірлер үшін қосымша көлемдер бөлінді. Сондықтан кейбір газ құю бекеттеріндегі кезектер жүйелі тапшылықпен емес, ішкі бөлу және логистика мәселелерімен байланысты", — деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Ведомство әрбір өтініш мұқият қаралып, расталған жағдайда адал емес нарық қатысушыларына қатысты тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget