Алматыда түні бойы қар жауып, 17 жол апаты болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Полиция департаменті мәліметінше , са

Алматыда түні бойы қар жауып, 17 жол апаты болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Полиция департаменті мәліметінше, сағат 18:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 17 жол апаты тіркелген. Қаза тапқандар жоқ, 6 адам жарақат алған.

Полицияның ақпаратына сүйенсек, жол апаттарының басым бөлігі қашықтықты, жылдамдықты сақтамау салдарынан болған.

«Барлығын сақ болуға, жылдамдықты азайтуға, кенет маневр жасаудан аулақ болуға шақырамыз», — деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция көлікті қысқы маусымға алдын ала дайындау, жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жолдан өтер кезде сақ болуды, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалануды және жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпеуді еске салды.