Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Томның жаңартылған тұжырымдамасын басылымның үйлестірушісі, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.
Сонымен қатар отырыста профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты Күлгазира Балтабаеваның, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің рецензиялары тыңдалды. Айта кетейік, бұған дейін алқа мүшелері ежелгі кезеңге, түрік дәуіріне және Алтын Ордаға арналған томдарды қарастырып бекіткен. Іргелі еңбекті әзірлеу барысында жүйелілік пен сабақтастық қатаң сақталды. Осы жолғы отырыста рецензенттер мен алқа мүшелері Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасын қарап, құрылымы мен мазмұнын талқылады. Редакция алқасы қолжазбаны одан әрі жетілдіріп, желтоқсанда өтетін отырыста қайта қарастыру жөнінде шешім қабылдады.