Павлодарда Халықаралық волонтёрлер күніне орай өңірдің белсенді жастарына құрмет көрсетілді.
Жыл бойы қоғамға пайда әкеліп, әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына үлес қосқан еріктілер арнайы марапаттарға ие болды. Қазіргі таңда облыс аумағында отызға жуық волонтёрлік ұйым және төрт жүзден астам бастамашыл топ жұмыс істейді. Олар әлеуметтік, білім беру, экологиялық және қайырымдылық бағытындағы жобаларды іске асырып, өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді. Еріктілер қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға тегін көмек көрсетіп, моральдық және материалдық қолдау білдіреді. Мамандардың айтуынша, Павлодарда волонтёрлік қызмет жыл сайын қарқынды дамып келеді.
Юлия Лещик, ерікті:
- Менің волонтёрлікпен айналысып жүргеніме бес жылға жуықтады. Біздің негізгі бағытымыз – жоғалған адамдарды іздеу. Біз үшін адамдардың шынайы ризашылығы мен бір ауыз жылы сөзі үлкен шабыт береді. Тіпті оқиғаның соңы қайғылы аяқталғанның өзінде, жақындары алғыс айтып, ризашылығын білдіріп жатады. Мұндай сәттердегі әсерімді сөзбен жеткізу қиын.
Әлихан Айтмұқан, ерікті:
- Менің есімде ерекше сақталған ең күрделі сәт – көктемгі су тасқыны кезеңі болды. Біз, Павлодар облысының жастары, күн-түн демей жұмыс істеп, Атбасар қаласына, сондай-ақ Қостанай мен Петропавл облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жөнелтуге атсалыстық.