Қазақстан мен Франция авиация, сумен жабдықтау және цифрландыру салаларында жаңа келісімдерге қол қойды.
Құжаттар Парижде өткен Үкіметаралық комиссияның 16-отырысының негізгі нәтижелерін бекітті. Екі елдің бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінің кездесулері соңғы жылдары күшейген саяси диалогтың аясында өтіп жатыр. Оған серпін берген Қазақстан мен Франция президенттерінің соңғы үш жылда жасаған сапарлары.
Франция Сыртқы істер министрлігінің кең конференц-залы екі елдің орталық және жергілікті атқарушы органдарының жетекшілерін, дипломаттарды және бизнес қауымдастығы өкілдерін бір үстел басына жинады. Кездесуде тараптар іске асқан жобаларды талқылап, жаңа бағыттар бойынша ұсыныстармен алмасты. Машина жасау, су шаруашылығы, цифрландыру ынтымақтастықтың келесі кезеңін айқындайтын салалар болмақ. Бүгінде қос мемлекеттің өнеркәсіптік портфелі қомақты: жалпы құны 1 млрд доллар құрайтын жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған сапарынан кейін екі ел арасындағы қатынас деңгейі нығайтылған стратегиялық әріптестікке көтерілді. Француз компанияларының жауапкершілігі әрдайым жоғары, біз Қазақстан нарығына француз капиталының келуін құптаймыз. Капиталмен бірге жаңа құзыреттер мен тәжірибе келеді.
Отырыс аясында жалпы алты құжатқа қол қойылды. Air Astana мен Airbus серіктестікті кеңейтіп, әуе паркін A320 neo үлгілерімен толықтыруды жоспарлап отыр. Ақтөбе облысы мен Veolia компаниясы өңірдің су жүйелерін жаңғыртуға уағдаласты. Талдықорғанда «ақылды қала» пилоттық жобасы қарастырылып жатыр. Ал Satbayev University мен Лотарингия университеті және TotalEnergies Kazakhstan Жамбыл облысындағы жел электр станцияларына инженерлерді дайындайтын болады.
Николя Форисье, Францияның Сыртқы сауда және тартымдылық жөніндегі министр-делегаты:
- Біздің ынтымақтастығымыз бұрыннан жақсы жолға қойылған. Бірақ бүгін жаңа бағыттарда да үлкен әлеует бар екенін көріп отырмыз. Әсіресе жасанды интеллект, су ресурстары мен су тарту жүйелерін тұрақты басқару, қала қызметтері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жағын қарастырдық.
Басқосуда стратегиялық маңызды минералдар мен металдар тақырыбы да қозғалды. Бұл бағытта екі елде қол қойылған жол картасы бар. Қазақстан француз компанияларын инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Оның ішінде Еуроодақтың Global Gateway бастамасы бойынша да. Бұл бағдарлама бойынша Одақ Орталық Азияға 12 млрд еуро инвестиция салуға ниетті.
Ги Сидос, Франция-Қазақстан іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Кездесуде екі ел үшін маңызды ресурстарды басқару және стратегиялық маңызды минералдарды барлау мен өндіру жобаларын да талқыладық. Біз логистикалық мүмкіндіктері жоғары, механизмдері жүйеленген Қазақстанмен серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіп, көлік, энергетика және цифрлық технологиялар бағыттарында ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Қазір Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі. Аймаққа құйылған француз инвестициясының 80%-ы біздің елдің үлесінде. Үкіметаралық комиссияның келесі 17-отырысын Астанада өткізу ұсынылды.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан