Биыл 10 айдың қорытындысына сәйкес, Атырау облысында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалды. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында баяндап, өңірдің әр саласындағы жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Облыс әкімі атап өткендей, өңірдің дамуының басты экономикалық драйвері – мұнай-газ саласы. Қазір құны 10,7 млрд доллар болатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
"Бұдан бөлек, құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады", — деді Серік Шәпкенов.
Агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар облыстың мал шаруашылығында да өсім байқалады.
Атырау облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Жыл соңына дейін аймақта 5 жаңа медициналық нысан іске қосылады, ал 7 нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазір екі заманауи емхана бой көтеруде. Онкодиспансер жанынан салынып жатқан радиологиялық корпус келесі жылы толық пайдалануға беріледі. Бұл онкологиялық науқастарды емдеудің сапасын арттырады.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында медициналық нысандарды салу және жаңарту жұмыстары жалғасып келеді. 2024 жылы 10 жаңа медицина нысаны тұрғындарға қызмет көрсете бастады.
Серік Шәпкеновтің айтуынша, бұл жұмыстар халық денсаулығына оң әсерін тигізіп, қан айналымы жүйесі аурулары, туберкулёз және қатерлі ісік көрсеткіштерінің төмендеуіне ықпал етуде.
"Облыста бұқаралық спортты дамыту да қарқынды жүргізілуде. Облыста спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі былтырғы 62%-дан биыл 71%-ға дейін өсті, ал халықтың 46,7%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады. – Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы қолға алынды, оның 11-і биыл пайдалануға берілді, қалған 22 нысан келесі жылы толық іске қосылады.
Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешені салынып жатыр. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асуда. Ірі жобаларға TEXOL WELLNESS ATYRAU спорттық-сауықтыру кешені, Ұлттық спорт кешені (ипподром), 12 мың орындық стадион және ATYRAU ARENA көпбейінді кешені жатады. Бұл жобалар облыс тұрғындарының спортқа қолжетімділігін арттырып, бұқаралық спортты дамытуға серпін береді", — деді Серік Жамбылұлы.
Атырау облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен, газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 99,9%-ға жетіп, 713 мыңнан астам адамды қамтиды.
№5 сүзгі стансасы жаңғыртылып, тәулігіне қосымша 50 мың текше метр су берілуде. 5 ауылдық елді мекенде 165 шақырым жазғы су желісі салынды. Энергетика саласы бойынша 302 шақырым электр желісі жаңартылды. Атырау қаласы, "Нұрсая" шағынауданындағы 66 шақырым желі заманауи кабельдерге ауыстырылды. Қуаттылығы 32 МВт "Нұрсая–Самал" қосалқы стансасы аяқталды. 30 автоматты қайта қосу құрылғысы орнатылды.
Газбен қамту бойынша оң жағалауда сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станция және 46 шақырым магистралды газ құбыры салынып жатыр. "Спутник" шағынауданын газдандыру жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жобалар тұрғындарға сапалы, үздіксіз қызмет көрсетуге және инженерлік желілердің тұрақтылығын арттыруда маңызды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз