Оралдағы ірі коммуналдық мекеме ауыз суды тазартудың жаңа технологиясын қолдана бастады. «Енді су сапасы жақсарады», — дейді мамандар.

Тіршілік нәрін микроб пен бактериядан тазалау үшін бұрын сұйық хлор пайдаланылатын. Енді хлор диоксиді, яғни реагентті зарарсыздандыру жүйесі іске қосылды. Оның басты артықшылығының бірі – су құбырында жиналатын биоқабатты толық тазартып шығады. Хлордың дәмі мен иісін жойып, түрлі зиянды заттарды ұзақ мерзімге зарарсыздандырады. Тың тәсіл әзірге Байқоныс ауылындағы сорғы стансасына енгізілді. Бұл нысан тәулігіне 30 мың текше метр су айдайды.

Нарбай Мамедшарипов, сорғы станциясының бастығы:

- Жаңа пилоттық жобаны енгіздік. Бұрынғы, ескі тәсілдерге қарағанда, бұл тиімділігі жоғары жаңа технология. Негізгі мақсат ауыз судың сапасын жақсарту, тұтынушыларды бактериалды және вирусты ластанудан қорғау. Станция хлор диоксидін өндіреді. Сұйық хлорға қарағанда газды хлор судың құрамында түрлі жанама өнімдер түзіліміне жол бермейді, судың дәмін бұзбайды, әсер ету ауқымы өте кең.