Анкарадағы Президенттік ұлттық кітапханада қазақ әдебиетіне арналған бөлім жұмыс істейді.

Білім кешенінде қазақ тарихы, мәдениеті мен әдебиетін танытатын классикалық туындыдан бастап заманауи авторлардың еңбегі топтастырылған. Қазақ мұрасына қызығатын оқырмандар да, шетелде білім алып жүрген қазақ жастары да оған жиі барады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Мен дәл қазір 24 сағат, аптаның жеті күні тоқтаусыз қызмет көрсететін Түркиядағы жалғыз ұлттық Президенттік кітапханада тұрмын. 125 мың шаршы метр аумақты алып жатқан бұл кешенде әр салаға арналған үлкен оқу залдары, жеке зерттеу кабинеті және демалыс аймақтары бар. Ал әлемнің 60-тан астам тіліндегі әдеби қазына да осы жерде шоғырланған.

Саясат, экономика, тарих пен әдебиет. Кітапхана қорында осы салалар бойынша 4 млн-нан астам кітап сақталған. Сондықтан оқырмандардың жас ерекшелігі әртүрлі. Мектеп оқушысынан бастап зейнеткерлерге дейін білім орталығында таным көкжиегін кеңейтіп жүр.

Дуйгу Маджидли, Анкара қаласының тұрғыны:

- Мен болашақта дипломат болғым келеді. Мамандығыма қажетті барлық оқулықты осы жерден табамын. Сонымен қатар қазақ әдебиетін де жиі оқимын. Өйткені бірнеше жыл Қазақстанда тұрдым. Сол кезеңді сағынғанда осында келіп, қазақ кітаптарын оқып демаламын. Бұл жер менің екінші үйім сияқты.

Муса Уйсал, Анкара қаласының тұрғыны:

- Мен бұл кітапханаға кешен ашылғалы ара-тұра бас сұғамын. Түркі елдерінің тарихы, Анадолы халқының өткені мені ерекше қызықтырады. Оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңалықтарды, сол елдің мәдениетін бақылаған ұнайды. Сондықтан да осында келіп, ізденіп тұрамын.

Түркияда білім алатын қазақ жастары да кітапханаға жиі келеді. Анкара университетінде докторантурада оқитын Назерке үшін бұл жер күнделікті жұмыс орнына айналған. Қазақ бөлімінде ол әдебиет пен тарихқа қатысты кітаптарды оқып, жас ғалымдарға арналған алаңда өз саласы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Назерке Ахметова, Анкара Университетінің PHD докторанты:

- Елімізден жырақта жүргеннен кейін Отанымызды сағынамыз, үйімізді сағынамыз. Сол кезде кітапханаға келіп, өзіміздің қазақ кітаптарын оқимыз. Мен өзім докторантурада білім алып жатырмын. Сондықтан мен докторанттардың, жас зерттеушілер отыратын бөлімге келемін. Сол жерде сабағымды қараймын. Өзіме қажетті кітаптарды, журналдарды аламын. Маған сол жағынан қолайлы.

Қазақ кітаптарына арналған бөлімде Абай, Шәкәрім, Әуезовтен бастап қазіргі қазақ қаламгерлерінің еңбектері, Қазақстан тарихы жайлы туындылар жинақталған. Тіл үйренуге арналған оқулықтар да бар. Бұл бөлім мазмұн жағынан бай әрі кітап қоры мол. Шетелдегі қандастарымыз мұнда әр келген сайын қазақ кітабын сыйға тартады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Президенттік ұлттық кітапхана тек оқу орыны емес, мәдениет пен руханият тоғысқан үлкен орталық. Мұнда күніне 60 мыңға жуық адам келіп, әлем елдерінің тарихы мен әдебиетін танып шығады. Қазақ бөлімі де осы халықаралық рухани көпірдің маңызды бір бөлігіне айналып отыр.

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков