Қалың орман, тау және мұзды аймақтарды мекендеген байырғы тұрғындар атамекенінен қашып жатыр. Бұлар көшкен соң дәстүрі де жоғалады.
Өйткені олардың тұрмысы, салты осы климатқа байланған. Бұлардың кіндік қаны тамған аймақтан үдере көшуіне жаһандық жылу, ну ормандардың сиреуі, судың азаюы себеп. Тау халқы да жылыстап төменге түсіп келеді. Бүгін — Халықаралық тау экожүйесін қорғау күні. ЮНЕСКО-ның 2025 жылғы есебі бойынша әлемде 1,1 млрд адам тау мен мұздықтарда өмір сүреді. Бұл әлем халқының шамамен 15 пайызы. Енді әлгі климаттық өзгерістердің салдарынан осындай байырғы тұрғындардың біртіндеп жоғалып кету қаупі бар. Биыл COP30 саммитінде осы мәселе алғаш рет жаһандық қауымдастықтың назарын аударды. Сөйтіп байырғы тау халқының өкілдерін қорғауға, сондай-ақ ормандарды қорғауға 9,5 млрд доллар шамасында қаржы бөлінді.
Уайя, орман халқының өкілі, экобелсенді:
- Тау мен орманды қорғау туралы шешім қабылдағанда алдымен сол жерлерде мыңдаған жыл өмір сүріп келе жатқан халықтарды, яғни біздің пікірімізді ескеру керек. Біз атадан қалған ілім арқылы табиғаттың биоалуантүрлілігін сақтауға үлес қосамыз. Біздің табиғатқа зиянымыз тимейді — біз оның бір бөлігіміз.