Батыс Қазақстан облысында көкөніс сақтайын қойма көбейді.

Соңғы екі жылда 27-ден 35-ке жетсе, сыйымдылығы 50 мың тоннадан 65 мың тоннаға дейін ұлғайды. Нәтижесінде маусым аралық кезеңде қалаға қажетті көкөністі сырттан тасымай, жергілікті жерде сақтауға мүмкіндік туды. Инвестициялық жобалар жеңілдетілген несиелеу бағдарламасымен жүзеге асты.

Азамат Бисеновтың картоп өсірумен шұғылданғанына биыл үшінші жыл. 2023-те 70 гектарға дақыл салса, биыл алқап аумағын 180 гектарға жеткізген. Алдыңғы қатарлы агротехнологияларды қолдану арқасында егіс өнімділігі де жоғарылап, гектарына 10 тоннадан 30 тоннаға көтерілген. Ендігі ойы — мол өнімді күзде сатып жібермей, көктемге дейін сақтау. Сол мақсатта алқап басынан арнайы көкөніс қоймасын салды. Сыйымдылығы 3600 тонналық қойманың құны 2 млрд теңге.

Азамат Бисенов, кәсіпкер:

- Мемлекеттің агросекторға қолдауы мол. Қойма салуға қажетті қаржының белгілі бөлігін 2,5 пайыздық несие түрінде алдым. Соның арқасында жоспар-жобаларымызды жүзеге асырып жатырмыз. Келешекте картопты сақтап, өңдегім келеді. Картоптан түрлі қосымша өнімдер шығаруды көздеп отырмыз. Қоймада сақталған өнімді көктемде өндірушіге де, тұтынушыға да қолайлы бағада сатуға болады.

Инвестициялық жоба агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында қаржыландырылған. «Ақжайық» ӘКК аталған кәсіпорыннан тұрақтандыру қорына 1600 тонна картоп пен 100 тонна сәбіз сатып алу туралы келісім шарт жасасқан. Енді жаңа қоймада сақталған өнім ай сайын кестеге сай сауда сөрелеріне шығарылмақ. Тауарлық интервенция арқылы бағаны бақылауда ұстаймыз дейді мамандар. Тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңыздағы азық-түлік алуға қазынадан 4,5 млрд теңге бөлініпті.

Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Оның 2,5 млрд.теңгесі «айналым схемасы» тетігіне, ал 2 млрд-ы форвардтық келісімшарттарға қарастырылған. Әлеуметтік маңызға ие 19 өнімнің 11 түрі бойынша 19 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Оның ішінде картоп 5 мың тонна, сәбіз 1200, пияз 800 және қырыққабат 1200 тонна. Бұл қала халқының үш айлық тұтыну көлемін 50 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Тұрақтандыру қорындағы тауар мөлшері маусымаралық кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге жеткілікті.

Батыс Қазақстан облысында осыдан екі жыл бұрын сыйымдылығы 50 мың тонналық 27 көкөніс қоймасы болса, бүгінде қойма саны 35-ке, сыйымдылығы 65 мың тоннаға жеткен. Соның арқасында өңірге қажетті өнімді қыс-көктемде шеттен тасымай, қоймадан сауда сөрелеріне тіке шығаруға мүмкіндік туған. Биыл аймақта 1,9 мың гектардан 44 мың тонна картоп, 1,5 мың гектар алқаптан 27 мың тонна көкөніс жиналған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов