Астанада Тәуелсіздік күніне орай 80-нен астам мерекелік іс-шара өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Концерт, спорттық турнирлермен қатар, танымдық басқосулар жоспарланған. Мәселен, қалалық кітапханаларда «Қаламгер ұстаханасы» атты дәрістер, «Тәуелсіздік – тұғырым, Егемендік – елдігім» иллюстрациялық көрмесі, мектеп және колледждерде «Қазақстанның асқақ рәміздері» атты кездеcулер ұйымдастырылады. Ақыл-ой бәсекесін қалайтындар «Не? Қайда? Қашан?» – «Тәуелсіздік күні» тақырыбындағы Quiz сайысына қатыса алады.

13–14 желтоқсанда әуесқойлар арасында теннис турнирі, сондай-ақ ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан жарыс басталады. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Сәйгүлік» қойылымы сахналанады. «Тәуелсіздік – ұлт рухының бастауы» кітап көрмесі, этно-заманауи стильдегі концерт қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етіледі.