Бүгін Астанада «Қазақтың ХХІ ғасырдағы дәстүрі мен құндылықтары» атты бірегей тұжырымдамалық жинақ көпшілікке таныстырылды.

Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы, депутаттар, ғалымдар, сараптамалық және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мәулен Әшімбаев аталған рәсімнің Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілуінің символикалық мәніне назар аударып, бұл күнде бос науқаншылдыққа жол бермей, терең мазмұн, дұрыс құндылықтар және ұзақ мерзімді бағдарды дәріптеудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол кітаптың ұлттық бірегейлікті нығайту және жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жолындағы ерекше рөліне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бірегейлік туралы бүгінгі сұхбатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген идеологиялық бағдармен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға, жауапкершілік мәдениетін ілгерілетуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын дамытуға және қоғамға қызмет етуге дайын адал, білімді, кемелденген – «Адал азамат» идеологиясын нығайтуға айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда «Реформалар мәні» сериясымен «Түркістан» газетіне жарияланған мақалам да аталған мәселеге арналғанын айта кеткен жөн. Мақалада қуатты мемлекеттік институттармен және тұрақты экономикамен қатар ұлттық бірегейлік те Қазақстанның қазіргі таңдағы маңызды тіректерінің бірі екенін айтқан едім.