Адал азамат – ел дамуының ең берік тұтқасы.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Халқымыз «Адалдық – адамдықтың айнасы» деп бекер айтпаған, өйткені шыншыл, әділ, жауапты тұлға қай ортада да сенім мен тұрақтылық қалыптастырады. Бүгінгі ұрпақтың бойына осы қасиеттерді дарыту — заман талабы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған “Адал азамат, біртұтас тәрбие” бағдарламасының мәні дәл осы — әр баланың жүрегіне таза ниет пен биік құндылық орнату болып табылады.
Мектеп қабырғасында жүзеге асып жатқан түрлі бағыттар оқушыларға тек білім емес, өмірлік бағдар, мінез, адамдық қалып береді. Жаңадан ашылып жатқан, Достық Келешек мектебімізде «АДАЛ АЗАМАТ» біртұтас тәрбие бағдарламасының алты бағыты бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі — “Adam bol like” дебат алаңы. «Заң мен тәртіп» бағыты негізінде, пікірталас — ой тәрбиесінің мектебін құндылыққа бағыттайды. Онда оқушы дәлелді сөйлеуді, өз ойын тиянақты жеткізуді, қарсы пікірге құрметпен қарауды үйренеді. «Шешеннің сөзі – шырақ, ойлының ойы – тұрақ» деген даналық, шын мәнінде, осы үдерістің мәнін ашып тұр. Сөзіне жауап бере алатын бала ертең қоғам алдында да жауапты болады. “Adal Hub” – «Бірлік пен ынтымақ» бағыты негізінде тәрбие орталығы оқушыларға адалдық, әділдік, жауапкершілік секілді қасиеттерді тек сөзбен емес, нақты іс-әрекет арқылы ұғындырады. Өмірлік жағдайларды талдап, шешім қабылдауға дағдыланған бала әр ісіне есеп беруді үйренеді. «Адамның адамдығы — адалдығымен өлшенеді» деген сөзді негізге алып 7 сынып оқушыларымен ашық тәрбие сағаттары жүргізілуде. Ұрпақ тәрбиесі ұстаз бен ата-ана үшітігінің бірлескен нәтижесі. «Әділдік пен жауапкершілік» бағытын ұстанып, “Adal Academy” педагогикалық қолдау орталығы мұғалімдердің кәсіби өсуіне айрықша серпін береді. Білім сапасын арттыруда ата-анамен, әсіресе әкелер қауымымен өзара әрекеттестік маңызды рөл атқарады. Осы бағытта мектеп пен “Adal Academy” орталығы бірлесе отырып ата-аналар клубы, тәрбиелік кездесу кештері, «Әке – отбасы тірегі» тақырыбындағы дөңгелек үстелдер, отбасылық құндылықтарды насихаттау тренингтері сияқты жұмыстарды жүйелі жүргізеді. Әкелердің мектеп өміріне белсенді араласуы оқушының мінез-құлқы мен оқу үлгеріміне оң әсер етіп, тәрбиенің тұрақты жүзеге асуына ықпал етеді. Мұндай кездесулерде бала қауіпсіздігі, қарым-қатынас мәдениеті, буллингтің алдын алу, отбасындағы тәрбие үлгілері секілді маңызды тақырыптарды талқылайды. Клуб ұйымдастырған семинарлар мен шеберлік сабақтар мұғалімдердің кәсіби де, коммуникативтік құзыреттерін дамытып, ата-анамен тиімді байланыс орнатуына бағытталады. Ұстаздың білімі тереңдеп, ата-ананың жауапкершілігі артып, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы күшейген сайын ұрпақ тәрбиесінің сапасы да жоғарылай түседі. Осы тұрғыда “Adal Academy” жүзеге асырып отырған жұмыстар – тәрбиелі, саналы, әділ әрі жауапкершілікті жас буын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. «Тәуелсіздік және отыншылдық» бағытындағы “Parasat paiym” жүйесі. Оқырмандық орта қалыптастырып, баланың тілін, ойлау кеңістігін, қиялын дамытады. Кітапты серік еткен баланың рухани байлығы арта түседі, себебі «Кітап – ақылдың кені», ал «Оқыған озады» деген дана сөз ешқашан мәнін жоймайды. Ақпараттық дәуірде тек оқып қоймай, ақпаратты талдай алу да маңызды. Осы бойынша «Жасампаздық және жаңашылдық» бағытын негіздеп отырып, “Idea Study” атауымен жүзеге асырылып жатқан ТВ студиясы оқушыларға медиа сауаттылықтың қыр-сырын меңгертіп, ақпаратқа сын көзбен қарауды үйретеді. Шынайы ақпаратты жалғаннан ажырата алатын ұрпақ — қоғамның қауіпсіздік кепілі. Себебі, «Ақпаратты игерген – қоғамды игереді». «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік» бағыты бойынша, “Leadership Center” театр және шығармашылық клубы бар. Іс-шара баланың өнер арқылы өзін-өзі тануына, сенімді болуына, топпен жұмыс істеуіне жол ашады. Сахнадағы әр қадам — мінез тәрбиесі. Өнер адамды әсемдікке, сезімге, сәлемет мінезге баулиды. Расында да, «Өнер – өрісіңді кеңейтеді».
Осы жобалардың барлығы бір арнаға бірігіп, оқушыны жан-жақты дамытатын тұтас тәрбиелік кеңістік қалыптастырады. Тәрбие – бүгінгі емес, болашақты қалыптастыратын күш. Халқымыз «Тәрбиелі бала — елінің тірегі» дейді. “Адал азамат, біртұтас тәрбие” бағдарламасы дәл сондай тірек болар ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған терең мазмұнды бастама. Бағдарламаның маңызды ерекшелігі — құндылықтарға негізделген тәрбие моделінің енгізілуі. Бұл модель баланың мінез-құлық мәдениетін, азаматтық позициясын, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған құзыреттілік тәсілін басшылыққа алады. Оқушылар бойына дағды қалыптастыру мақсатында пікірталас технологиялары, медиа сауаттылық, оқырмандық мәдениет, шығармашылық коммуникация, әлеуметтік бейімделу, проблемалық жағдайларды шешу секілді заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйелі қолданылады. Әсіресе, ата-ана–мектеп–мұғалім арасындағы интерактивті серіктестік моделі тәрбиенің тиімділігін арттырып, оқушының тұлғалық әлеуетін дамытуда шешуші рөл атқарады. Бұл – халықаралық педагогикалық тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген үштік одақ моделі. Әкелер клубы, ата-аналармен тренингтер, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бағдарламалар – тәрбиенің әлеуметтік ортада тұрақтануына мүмкіндік береді. Сол сияқты, “Parasat paiym” оқырмандық ортасы – оқу сауаттылығын арттырудың, сөздік қорды кеңейтудің және критериалды ойлау қабілетін дамытудың маңызды құралы. Ал “Idea Study” медиа студиясы — оқушыны ақпараттық қоғам шарттарына бейімдейтін цифрлық құзыреттілік платформасы. “Leadership Center” клубы оқушылардың креативті, коммуникативтік және тұлғалық құзыреттерін дамытуға бағытталған арт-педагогика элементтерін жүзеге асырады. Бұл бағыттардың барлығы бірігіп, мектепте тұтас тәрбиелік экожүйе қалыптастырады. Мұндай экожүйеде баланың интеллектуалдық, эмоционалдық, рухани, азаматтық, әлеуметтік дамуы бірізді әрі үйлесімді жүзеге асады. Тәрбие – ұзақ мерзімді стратегиялық процесс. Бүгінгі тәрбиелік жұмыстың сапасы ертеңгі қоғамның деңгейін айқындайды. Сондықтан «Адал азамат, біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асуы — еліміздің адами капиталының көтерілуіне, тұлғалық мәдениеті жоғары саналы ұрпақтың қалыптасуына бағытталған маңызды мемлекеттік-педагогикалық бастама. Қорытындылай келе, бұл бағдарлама — болашақ азаматтың құндылықтық бағдарын айқындайтын, еліміздің дамуына үлес қосатын, жауапкершілікті, әділ, парасатты тұлға тәрбиелеудің заманауи және кешенді моделі.