Францияның Қазақстанда 170-тен астам компаниясы жұмыс істейді. Еліміздің Еуроодақтағы негізгі серіктесі инвестиция көлемін ұлғайтуды көздейді. Ал грузиялық компания Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдамақ. Ауғанстанмен де пайдалы қазбаларды өндіру бойынша келісім жасалуы мүмкін. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Астана халқарылық форумында айтылды. Жиында қандай ой айтылды? Не талқыланды? Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Президенттер, шетел үкіметтерінің басшылары, халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы өкілдер бүгін бас қалада бас қосты.
Набиль Әл Ассоми, Бахрейн-Ресей достығы қоғамының өкілі:
Қазақстан әлемдегі геосаяси жағдай күрделі кезеңде жаһан елдері үшін диалог алаңын ашып отыр. Бұл – көптеген мемлекеттің қарулы қақтығыс жағдайында тұрған шағында өте қажет шара. Мұнда бейбітшілік насихатталып қана қоймай, елдердің жан-жақты даму жолдары қаралады. Күш бірлікте.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Форумда сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, энергетика мен климаттың өзгеруі, сондай-ақ экономика және қаржы саласындағы бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, түрлі деңгейдегі келісімдер жасалады деген болжам бар. Экономистердің айтуынша, бұл ауқымды шара еліміздің туристік әлеуетін арттыруға зор ықпал етеді. Өйткені жиынға қатысып 5 мыңға жуық адамның 1000-нан астамы шетелдік қонақ.
2023 жылы өткен форумнан кейін қатарлық инвесторлар Bereke Bank-пен «Мобайл Телеком-Сервис» мобильді операторын сатып алғаны есіңізде болар. Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниялары Жамбыл облысында ЖЭС салып жатыр. Ал грузиялық кәсіпкерлер Каспий арқылы жүк тасымалдамақ. Ол үшін үлкен екі кемесін теңізге жіберуді жоспарлап отыр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Басқа елде тұрған кемені Каспийге алып келіп жатыр. Бұл үлкен шаруа. Мысалы қазір қарасаңыз Каспийде Қазақстанның өзінің 17 кемесі бар. Бірақ соның арасында жүк, көлік тасымалдайтын кемесі жоқ. Біздің кемелеріміз мұндай, құрғақ жүк тасымалдаумға арналған.
Франциялық инвесторлар елімізге 17 млрд доллар инвестиция құйған
Демек мұндай форумдар халықаралық деңгейде еліміздің беделін арттырып қана қоймай, құны милиардтаған келісімдердің жасалуына сеп болады.
Паоло Аррегетти, кәсіпкер:
Біздің компания әлем бойынша газ трубиналарын жеткізумен айналысады. Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға бірнеше жыл болды. Бұл форумға Премьер-министрден шақырту алдым. Осы жиынға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін-ертең біз алдағы серіктестік жайлы келіссөздер жүргіземіз.
Қазақстан 160-тан астам елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Еуропа елдерімен алыс-беріс қарқынды дамып келеді. Еліміздің кәрі құрлықтағы негізгі серіктесі – Франция. Ресми ақапаратқа сүйенсек, бүгінде Қазақстанда Францияның 170-тен астам компаниясы жұмыс істеп тұр. Құйылған ивестиция 17 млрд доллардан асып кетті. Қазір елдеріміз арасындағы мәдени және рухани байланыстары да нығайып келеді.
Бруно Фукс, Франция ұлттық жиналысының халықаралық істер жөніндегі комиссиясының төрағасы:
Екі ел арасында көптеген уағдаластықтар бар. Соның ішінде алдағы уақытта жүзеге асатын Қазақстан француз мектептерінің ашылуын айтуға болады. Біз үшін Қазақстанмен кез келген саладағы бизнес, экономика, мәдениет болсын барлығы бірдей үлкен маңызға ие.
Қазақстан Ауғанстаннан бериллий импорттамақ
Форумда Ауғанстан билігінің өкілдері де төбе көрсетті. Олар да біздің елмен жан-жақты байланыс орнатуға бейіл. Нақтырақ айтсақ Қазақстан ауған елінен бериллий импорттауды жоспарлап отыр. Бұл бір-екі жылдың көлемінде шешілетін шаруа.
Ерділдә Таутенов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл қонақтардың келуі еліміздің, оның ішінде Астананың экономикасына оң әсер ететін сөзсіз. Себебі әрбір турист өзінің тұратын жері бар, тамақтануы бар. Бұл форумның мақсаты Қазақстан басқа елдердің өкілдеріне, бизнес өкілдеріне өзін жария ету. Халықаралық мәселелерге көңіл бөлетініміз, соларды шешуге ынтамыз бар дегенді жария ету.
Айта кету керек, форум екі күнге жоспарланған. Оның аясында 40-қа жуық панельдік және эксклюзивті сессиялар өтеді.
Нұрсұлтан Тілектес