34 жастағы Бөрікбаев Қобылан бұдан екі жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, "тепсе темір үзетін" шағында төсек тартып жатуға мәжбүр. Дәрігерлер оған бүйрек жеткіліксіздігі диагнозын қойған. Содан бері таза еңбегімен күнін көріп отырған шағын ғана отбасының өмірі күрт өзгерген. Апталдай баласының көз алдында солып бара жатқанын көрген ана жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыр дертке шалдығып, өмірінің астан-кестеңі шыққан Қобылан бүгінде ата-анасымен бірге Алматы облысы Екпінді ауылында тұрады. Анасы да, әкесі де зейнеткер. 2022 жылға дейін ол отбасылы, балалы-шағалы қарапайым жанұяның отағасы болған. Аула тазалаушы болып жұмыс істеп, адал еңбек етіп келген. Азғантай болса да табысымен нәпақа тауып, екі қызы мен жарын асыраған.

Алайда коронавируспен ауырып шыққан соң денсаулығы сыр беріп, ауруханаға қаралады. Ауыр диагнозы туралы дәрігерлер аузынан естіпті. Қобыланның анасы Нұрғанымның айтуынша, сол күннен бастап олар қиындықтан бас ала алмай келеді. Алдымен некелескен жары екі қызын тастап, кетіп қалған. Артынша баласы диализ алып, екі бүйрегі істен шыққан.

"Балам 1-топ мүгедегі. Ауырғанын естіген кезде келіншегі кетіп, екі қызды бізге тастап кетті. Екі қыз ет бауырымыз, оларды барынша қатарынан қалдырмай өсіріп жатырмыз. 2022 жылы мен зейнетке шығатын жылы балам осындай ауруға душар болды. Коронавирустан кейін екі бүйрегі істемей қалды. Қазір аппаратпен жүреді. Әйелі тастап кеткен кезде 3 жасар қызы екі айлық еді. Сол күннен бастап балаларымның дәрісі, киімі. Оларды бағу менің және жолдасымның мойнына артылды", — дейді жанұшырған ана.

62 жастағы Нұрғаным бүгінде зейнеткер болса да, түрлі жерде еден жуушы болып еңбек етеді. Науқас ұлының балаларын асырау үшін, олардың қажеттіліктерін өтеу үшін зейнетақымыз жеткіліксіз, дейді ана.

"Көп жерде жасыңыз келді деп жұмысқа алмайды. Өткенде бір оқу орнының басшысына кіріп, жағдайымды айтып едім, түсініп, жұмысқа алды. Ауыр болса да, кез келген жұмысқа білек сыбана кірісем. Қайтейін, маған күні қарап қалған балам мен немерелер аш қалмасын, дәрі-дәрмегі мен киімін алып берейін деп жанталасып жүрмін. Өзім де ауырамын, бірақ бар арманым – осы баланың аяққа тұрғанын көріп кетсем. Сол үшін сабырмен көніп келе жатырмын басыма түскенге.

Отағасы да жақында ауырып қалды. Жаман ауру ма деп дәрігерлер күдіктеніп отыр. Қазір сараптамалар тағайындалып, анализдер нәтижесін күтіп отырмыз. Мен жұмыста болғанда шиеттей балаларды сол қарап, төсек тартып жатқан ұлыма тамағын әзірлеп беретін еді. Енді күніміз не болатынын бір құдай біледі. Бір Аллаға сенемін", — дейді ана.

Қобылан бүгінде бүйрек ауыстыру үшін донорға мұқтаж. Елімізде бүйрек донорын күтіп жүрген жандардың да саны аз емес. Ресми дерек бойынша 3 мыңнан асып артылады. Сонда да ана үмітін үзбейді.

"Үмітім үзілмейді. Көзімнің тірісінде осы балаға барынша жағдай жасағым келеді. Ақшамның көбі дәріге кетеді. Ауылдан қалаға келіп қатынап жұмыс істеймін. Таңғы төрт жарымда үйден шығамын. Алматыға жетілерде жетіп, мекеменің едендерін жуып, түс болғанша келіп үлгеруім керек. Келіп үйге қайта тамақ істеймін. Кешке тағы бір жерге барып еден жуып келемін. Күйбең тірлік. Балам диализге аптасына үш рет барады. Келгенде қатты ауырып келеді. Осы баламның басына түскен ауырлығын жеңілдеткім келеді. Халқымнан көмек сұраймын, еден жуып келіп, балама да қарауым керек. Сол үшін қайырымды адамдар болса, көмектесіңіздерші", — деді көзіне жас алған ана.

Қиын жағдайда қалған отбасына көмек қолын созам деушілер болса, мына нөмір арқылы хабарласуға болады:

8 771 583 95 78

Kaspi Gold:

4400 4303 1231 9301

NURGANYM KULEBEKOVA