Семейде 19 жастағы студент Дильяра Сәлімбаева пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Бойжеткенді өлтірді деген күдікке 24 жастағы бұрынғы жігіті ілінді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қанды оқиға көшенің қақ ортасында болған. Куәгерлердің айтуынша, кикілжің кезінде Дильяраның дауысы қатты шыққан. Кейін бірнеше жерден пышақ жарақатын алған қыздың жерге құлаған.
"Мен аулада болдым. Ұрыс-керістен шыққан айғай-шуды естідім. Қыз айқайлады. Содан кейін қарасам, қыз жерде жатыр. Барлық жер қан. Оған жүрек массажы жасалды. Бір жігіт тұрды. Жылады", – дейді куәгер Ирина Лысак.
Екі бірдей жедел жәрдем жеткенмен, бойжеткен көз жұмған.
"Сосын бір бала жүгіріп келді де, менен көмек сұрады. Шықсам, пышақталған бір қыз жатыр. Сосын жедел жәрдем, полиция келді, бізді үйге қайтарып жіберді. Бір қыз көмек көрсетіп жатты. Пышақ тек бір жерден тығылмаған екен, қолтығында болды. Дәрігерлер қолын дәкеменен орап жатты", – дейді куәгер Азамат Құжыкенов.
Дильяра жергілікті колледждің үшінші курс студенті болған. Марқұм жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздары қыздың тәрбиелі болғанын және сабақты үздік оқығанын айтады. Оның фотосы оқу орынының мақтаныш тақтасында ілініп тұр. Ал қылмыс болған күні таңертең ол сабақта болған.
"Иә, біз бүгін әкімшілікпен үйіне барып келдік. Әке-шешесі Көкпекті ауылынан келіп отыр. Ол қыз нағашы апасының қолында тұрған. Бәріміз таңертен барып көңіл айттық. Сөз жоқ…", – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Смайылова.
Өкінішке қарай 19 жастағы Дильяра алған пышақ жарақатынан сол жерде ажал құшты. Қазір полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктінің ұсталғанын жеткізді.
"Күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм таныс болған", – дейді Семей қаласы, ПБ бастығының орынбасары Ержан Аққалиев.
Полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оқиғаның барлық мән-жайы алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал адам қолынан қаза тапқан қыздың сүйегі Көкпекті ауданында жерленеді.
Дереккөз: КТК · телеарнасы. Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай




