Актриса Жанель Мақажан бұрынғы күйеуі, актер Абай Асылханға қатысты күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, Абай Асылхан үш айдан астам уақыт бойы қыздарына моральдық және материалдық тұрғыда көмектеспеген. Жанель Мақажанның сөзінше, актер бұған дейін балалардың күтімі мен қажетті шығындарын өз мойнына алуға уәде берген.
«Үш айдан асты, әкесі қыздарына моральдық, материалдық көмек көрсетіп жатқан жоқ. 2-3 ай бұрын қыздардың әкесі кеткен кезде нянәсін, тамағын, балабақшасын, киім-кешегін, барлық материалдық жағдайын өз мойныма аламын деген. Сол күйі сөз жүзінде қалды», – деп жазды актриса әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол бұрынғы күйеуіне балаларын қаржылай қамтамасыз ету қажеттігін бірнеше рет түсіндіруге тырысқанын, алайда нәтижесі болмағанын айтты.
Сонымен қатар Жанель Мақажан Абай Асылханның түрлі іс-шаралар мен тойларға қатысып жүргенін еститінін және кейбір адамдардан оның шараларға қатысқан фото-видеоларын алып отырғанын жеткізді.
Актриса енді заң аясында әрекет ету үшін адвокат іздейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінің табысын жасыруы немесе басқа да заңға қайшы әрекеттері болса, оларды анықтауға тура келуі мүмкін.
Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі жазбасында оқырмандарынан да көмек сұрады. Ол Абай Асылханды қандай да бір іс-шарадан көрген жағдайда, фото немесе видео жіберуді өтінді.
«Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адамды адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын», – деді актриса.
Айта кетейік, бұл – Жанель Мақажанның әлеуметтік желідегі жеке мәлімдемесі. Абай Асылханның осы айыптауларға қатысты жауабы әзірге белгісіз.
Дереккөз: Skif News · Лунара Арынбек




