Танымал қазақстандық әнші Ерке Есмахан көптен бері армандап жүрген тілегін орындап, Парижде өткен әлемдік жұлдыз Селин Дионның концертіне қатысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында Франция астанасындағы Plenitude Arena сахнасында өткен концерттен видео жариялады. Ол әлемге әйгілі өнер иесін өз көзімен көріп, әндерін жанды дауыста тыңдау өзі үшін ұмытылмас әсер болғанын атап өтті.
«Paris. 2026. Plenitude Arena. Celine Dion. Еуропадағы ең маңызды, тіпті тарихи оқиға! Селинді көзбен көріп, тірідей тыңдағаныма қуаныштымын! Осы жерде болғаныма бақыттымын! Шүкір!» – деп жазды Ерке Есмахан.
Жарияланған бейнежазбада Селин Дионның көпшілікке кеңінен танымал My Heart Will Go On әнін орындаған сәті көрсетілген. Аталған композиция 1997 жылы экранға шыққан «Титаник» фильмінің басты саундтрегі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болған.
Дереккөз: Skif News · Назым Сапар




