Танымал әнші Роза Әлқожа Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздарға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі өз ойын Instagram парақшасында жариялаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші қаза тапқан жас сарбаздардың тағдырына алаңдап, әскери оқу-жаттығудың өткізілуіне және әскердегі жағдайға қатысты бірқатар сұрақ қойды.
«Кешеден бері қарт Каспий жұтқан жеткіншектер жайлы ойдан арыла алмай қалдық. Ажал шығар дейміз ғой, бірақ, өрімдей ұлдардың өліміне себеп болар ауа-райын неге жіті қадағаламаған?!.
Неге керек бұл жаттығу?!
Айналайын, осы соғысқа дайындық деген не ниет өзі?
Атом бомбасы шыққан дамыған заманда біз қолдан адам өлтіріп не істеп жүрміз?
Мәжбүрлі түрде әскерге алып кетіп, азаптап, кейбірін денсаулығынан айырып неге ұлттың болашағымен ойнап жүрміз???», – деп жазды Роза Әлқожа.
Өнер иесі әскердегі сарбаздардың жағдайына да алаңдайтынын айтып, казармалардағы ахуалдың қаншалықты жақсы екеніне күмән келтірді.
«Мен кейде аяқ астынан барып біздің жас өрендер жатқан сол казармаларды аралап шыққым келеді. Шын жағдайы жақсы ма? Айдалада жаннан безген жан ғана жүреді. Оларды басқарғандардың психикасы қалай екен деген ой тұрады. Әрине, мұның бәрі күдік, күмән. Ел ішіндегі жағдайдан туған алаң ғана шығар деп үміттіміз. Бірақ, әскерге ұлымызды жіберуге қорқамыз расы!
Мәпелеп бағып, бетіне қарамай үп-сүп деп отырғанда әлдебіреудің әдеттегі соққысын неге көтеруі керек? Ол және неге адамдық моральдан тыс болуы керек?!», – деді әнші.
Роза Әлқожа бұл қайғылы жағдай әскердегі мәселелерді қайта көтергенін атап өтті. Оның сөзінше, әскери қызметшілерге талаппен қатар, адам ретінде жанашырлық та қажет.
«Кешегі қаза күллі әскер проблемасын қайта қотарды. Сырттан жауып қоя салу оңай шығар, олардың еңбегін мансұқтау ойымызда жоқ, бірақ әр басшыға жанашырлық керек-ақ!
Бұрын “әскер көрмегенсің” деп үлкендер кекетуші еді. Қазір ол сәнде емес. Елдің бәрі батыр болуға міндетті емес! Ол жүрегі нәзік қылқалам шебері шығар?! Ол жүрегі жұмсақ ақын шығар?!», – деп жазды ол.
Әнші сондай-ақ бала тәрбиесінде күшке емес, адамның ішкі қасиетіне мән беру керектігін айтты.
«Қытайға барғанда сөмкесін иығына іліп майысқан өте кішкентай ұлдар көрдім. Қыздармен бірге иіліп, именіп тұр. Әртүрлі ойландым. Негізі жігіттің түр-тұрпаты деген кімге керек? Адамның жан дүниесі бағаланбаушы ма еді?
Мысалы ұлымызды боксқа, каратэге, тағы басқа спортқа бердік. Оған мықты бол деп талап еттік. Жеңілсе, неге жеңілдің деп біз қоса ұрдық. Содан не болды? Ол тиіскенд аямайтын, ызақор, айналасынан батылдықты талап ететін тентек болып өсті. Осы кімге керек? Ол сонша күшін қайда жұмсайды енді?
Алла сақтасын, алда-жалда соғыс болғалы жатқан жоқ қой! Соғыс болса да қазір әлем бір-ақ нүктеге тәуелді. Жаңағы шетел азаматтары күш қолданбай, басы істеген соң біраз жерде соғыссыз бағындырып жатыр. Қазақ айтқан “білекті бірді , білімді мыңды жығады” деген сол!
Енді отырмыз, айдың-күннің аманында аза тұтып!..», – деді өнер иесі.
Жазбаға желі қолданушылары пікір білдіріп, қаза тапқан сарбаздардың жақындарына көңіл айтты. Бірқатар оқырман әншінің айтқанымен келісетінін жазған.
Дереккөз: Skif News · Сағыныш Назар




