Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шерхан Аймаханға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шымкент соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен Шерхан Аймахан ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен (Аса қатыгездікпен адам өлтiру), 115-1-бабымен (Сталкинг) және 125-1-бабының 1-бөлігімен (Некеге тұруға мәжбүрлеу) кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталған адамнан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн теңге және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірілген.
Сот үкімімен келіспеген жәбірленуші мен сотталған азаматтың адвокаттары апелляциялық тәртіппен шағым түсірген.
Жәбірленуші тарап өз шағымында моральдық зиянды 25 млн теңгеден 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды сұраған.
Сотталған азаматтың адвокаттары өз шағымдарында үкімді өзгертіп, Шерхан Аймаханды ҚК-нің 125-1-бабының 1-бөлігі бойынша (сталкинг) ақтауды, ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтiру) кінәлі деп танып, оған қатысты әділ жаза тағайындауды сұраған.
Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
"Алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың Шерхан Аймаханның кінәлі екені туралы тұжырымдарымен келісті. Іс бойынша қабылданған сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер анықталмады. Сол себепті 2026 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды", – делінген хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева




