Алакөл жағалауының Жетісу облысындағы бөлігін электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, деп хабарлайды 24KZ. Демалыс орындарында екі жыл бұрын жарық жиі өшетін. Себебі электр желілері әбден тозды. Биылғы шомылу маусымы қарсаңында қуаттылығы 32 мегаваттық жаңа қосалқы станция іске қосылды. Ол жақын маңдағы екі елді мекен мен жаңа коммуналдық нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Кәсіпкер Алтын Әбенқызы үшін Алакөл жағалауындағы курорттық маусым қиындықсыз өтпейтін. Жарық жиі өшетіндіктен, тұрмыстық техникалары жиі істен шығып қала беретін. Азық-түлік сақтап, бұзылған техниканы жөндеуге беру үшін біршама шығындануға тура келетін.
Алтын Әбенқызы, кәсіпкер:
- Енді осы жылдың басында жарық жиі өшіп, сондай жағдайлар болған. Қазір жөнделді. «Жаңадан станция қостық», – деп айтып жатыр. Содан бері қарай жарықтандыру жақсы. Жағдай жақсы биыл, құдайға тәуба. Ауы райы да кішкене тыныштау болып тұр.
Ақши ауылының электр қуатына деген қажеттілігі 10 МВт. Аталған елді мекен мен жағалаудағы демалыс орындарын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 32 МВттық қосалқы станция іске қосылып, трансформаторлар орнатылып жатыр.
Виктор Сычёв, мердігер компания өкілі:
- Бірінші маусымда 16 МВттық бір трансформаторымыз іске қосылды. Ол жағалаудағы нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған. Екінші трансформатор жақында іске қосылады. Сондықтан бұдан былай көл жағалауында электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі туындамайды.
Ақши ауылына былтыр ұзындығы 56 шақырым болатын 110 кВттық жаңа желі тартылды. Қосалқы станция Көктұма ауылы мен шекарадағы Достық бекетін және жаңа кәріз станциясын электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Айдар Әбішев, Алакөл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:
- Кәріз тазарту станциясын салып жатырмыз. Бүгінгі күнге олардың «котловандары» жасалып жатыр. Биыл тек жер қазу және бетон жұмыстары. 10 миллиардтық объект. Бұл тәулігіне 6,5 мың куб кәріз суын тазарту станциясы болады. Зертханасы болады және сүзгіден өткізудің үш «полясы» болады.
Тазарған кәріз суы ауылды жасыл желектендіру мақсатында пайдаланылады. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, биыл Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға 2,4 млрд теңге инвестиция тартылған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Куаныш Түргенбаев