Қазақстандық оқушылар Вашингтонда өтіп жатқан халықаралық шахмат жарысын сәтті бастады, деп хабарлайды 24kz.
Алғашқы күннің нәтижесі бойынша Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің өрендері көш бастап тұр. Олар екі раундта Дания мен Өзбекстан командаларын 4:0 есебімен жеңіп, мүмкін болған 8 ұпайды толық қанжығалады. Екінші орында Үндістанның Velammal MHS мектебі келе жатса, үздік үштікте ағылшынның Хэмптон мектебінің шәкірттері төбе көрсетті. FIDE және Халықаралық шахмат мектебі федерациясы ұйымдастырған чемпионатта 50-ден аса елдің білім ордалары бәсекеге түсіп жатыр. Ішінде Қазақстан атынан өнер көрсетуші екі жас категориясында 6 команда бар. Астаналық SEED Educational Complex командасы мен физмат мектептері қазір үздік ондықта келе жатыр. Сайыс 7 тамызға дейін жалғасады.
Эдгар Мамедов, шахматшы:
- Біз бар дайындығымызды көрсетіп, барынша жақсы нәтижеге қол созып отырмыз. Баршамыз үшін жақсы тәжірибе болғалы тұр. Жекелей ойнағанға қарағанда командалық жарыстың жауапкершілігі ауырлау болады. Тобымыздағы әр ойыншы мұны жақсы түсінеді. Түрлі жарыстарға қатысып, әбден ысылдық. Ұстаздарымыздан көп тәлім алдық. Енді соны іс жүзінде сынау керек.
Айсара Түйенбаева, шахматшы:
- Ойын алғашында өте қиын болды. Тіпті жеңіліп бара жатқандай болдым. Қолымдағы ойын тастары әлсірей бастады. Бірақ қайтсем де берілмеймін де, қарсыласты тізе бүктірдім. Бұл жарыс үшін он күн қатарынан бес сағаттан дәріс алдық. Өз бетіммен күнде онлайн және офлайн форматта бір жарым сағаттан машықтандым. Соның нәтижесін көріп жатырмын.
Тимур Турлов, Қазақстан Шахмат федерациясының президенті:
- Бұл жолы еліміздің делегациясы 6 бірдей команда болып, аса ауқымды құрамда жарысқа түсіп жатыр. Балақайлардың көпшілігі үшін бұл алғаш рет шетелге шығу естелігі ретінде де естерінде қалатын болды. Бәсекенің өзі АҚШ-тың ең абыройлы мектебінде өтіп жатыр. Мұнда 50-ден аса елдің өкілімен достасып, ойын барысында жақсы тәжірибе жинайтынына сенімдімін. Біз қазір тек жарысқа қатысып қана қоймай, шахматты мектеп бағдарламасына енгізудің озық үлгілерін мамандармен талқылап, арнайы саммит аясында пікір алмасқалы жатырмыз. Бұл салада Қазақстанның ұсынары мен бөлісері көп деп білемін.