Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында жүктілігі ауыр өткен әйелдерге пансионаттар ашылды. Олар ауылдық жерлерде жоғары сын-қатер тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға, асқынған босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Министрдің сөзінше, биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ елімізде алғаш рет «Феталды медицина» жаңа технологиясы енгізіліп, жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталды. Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда ана мен бала өлімі 6 есеге төмендеген. Үкімет отырысын тізгіндеген Премьер-министр бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы заманауи перенаталдық орталықтардың құрылысын жалғастыруды тапсырды. Ағымдағы бірінші қарашасына дейін барлық қажетті құжаттаманы дайындауды аяқтап, Шымкент пен Қарағадыда осындай орталықтардың құрылысын бастау қажет. Әйелдерді жүкітілікке дайындауға, ауруларды уақытылы диагностикалау мен сауықтыруға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасын сапалы әрі барлық өңірде іске асыру керек. Елдің орталығынан шалғайдағы ауылдарға дейін барлық тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету қажет.
Нұрсұлтан Тілектес