No Kings — Патшаға жол жоқ деген ұранмен өткен наразылық шарасы елдің елу штатын түгел қамтып, үлкен мегаполистер мен шағын ауылдарға дейін ұласты.

Тіпті Париж, Берлин, Торонтода да өтті. Германиялық Bild басылымы ұйымдастырушылар 7 млн қатысушының келгенін растағанын жазды. Бұл жолы жұрт сары түсті киім киіп, креативті костюмдерді трендке айналдырды. Халық 47-президенттің тариф пен ірі корпорацияларға болысу және иммигранттарға қарсы қатаң саясатына наразылық білдірді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- АҚШ астанасының күре тамырында дәл қазір ине шаншар орын жоқ. Мыңдаған адам Трамп әкімшілігінің саясатына қарсы болып, “монархияға, таққа, тәжге, патшаға жол жоқ” деп дәл қазір шеруге шығып жатыр. Бұл Вашингтонда ғана емес, АҚШ-тың 50 штаты, 3000-ға жуық қаласында болып жатқан ел тарихындағы ең үлкен шеру болып есте қалмақ.

АҚШ

Нью-Йорк, Атланта, Остин, Сиэтл, Чикаго, Бостон, Лос-Анжелес. Маусым айындағы шеруге 5 миллионға жуық адам қатысса, қазан айындағы наразылар саны одан да асып түседі деген болжам БАҚ беттерінен түспеді. Бейбіт шеруде жұрт түрлі ертегі мен кино-мультфильмдер кейіпкерінің образында болып, түрлі постерлермен қалалардың басты алаңдарына лық толды. АҚШ халқының шатдаун кезінде ішкі саясаты тығырыққа тіреліп жатқан үкіметтің иммиграция, денсаулық сақтау, экономика мен демократиялық құндылықтарға қатысты жұмысына көңілі толмайды.

БЛИЦ, шеруге қатысушылар:

- Бұл шеруге келу мен үшін аса маңызды. Менің әкем екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистерге қарсы соғысты. Мен де соған қарсымын. Өз елімді сүйемін. Сол үшін шеруге шығуға, үкіметті сынауға толық хақым бар.

- Елде ICE агенттерінің ісі шектен шығып барады. Осы үкіметтің бұйыруымен мигранттарды сот залынан, мектептен, жұмыс орнынан ұрлап қамап жатыр. Соған нарызылығымды білдіріп шеруге келдім.

- Қазіргі үкіметтің жұмысына көңілім толмайды. Бар билікті бір өзінің қолына жиып алғысы келетіндер көбейді. Бұған тоқтау салу керек.

- Мен 1993 жылдан бері америкалықтардың мүддесі үшін күресіп келемін. Үкімет қарапайым халықтың қамын ойласа, экономикалық тұрғыда қолдаса деймін. Ал қазіргі биліктегілер кері кетіп барады. Бұл АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған тоқырау.

Капитол ғимараты алдындағы шараға демократ-сенаторлар да келді. Олар да шатдаун кезіндегі тартысты сөз етіп, Ақ үй қожайынына наразылығын білдірді.

Крис Мерфи, сенатор:

- Дональд Трамп АҚШ тарихындағы ең жемқор президент. Ол сөз бостандығы мен әділ сайлау сияқты демократияны қорғап тұрған құндылықтарды жүйелі түрде жоюға тырысып келеді. Бірақ ол әлі жеңген жоқ, билік әлі халықтың қолында.Мен миллиондаған адамды денсаулық сақтаудан айыратын, миллиардерлер мен корпорацияларға ғана пайда әкелетін бюджетке дауыс бермеймін. Сондай-ақ Трамптың демократияны күйретуіне жол беретін заң жобасын да қолдамаймын.

Алайда Трамп бұл күндері Ақ үйді тастап, жылы Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясына ұшып кетті. Вашингтонда қалған әкімшілік шерулерді анти-американдық деп айыптап, қаржыландырып отырғандарды құрықтаймыз деп ашуға мінді. Ал арқаланған наразы жұрт келесі шеруге бұдан да үлкен ауқымда шығуды жоспарлап жатыр.

Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг