Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық волонтёрлер күнімен құттықтады. Министр қазір волонтёрлік сала қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтіп, қозғалыстың мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына айтулы үлес қосып келе жатқанын жеткізді.

Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтёрлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасқанын және ол үнемі мемлекеттік саясат назарында екенін де тілге тиек етті. Ал бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтёрлер жылы ресми бастау алғанын, сәйкесінше бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрындық болуымен жүзеге асқанын да атап өтті. Қазақстан үшін хлықаралық жыл орнықты даму мақсаттарын іске асыруда волонтёрлердің рөліне баса мән беріп, «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналмақ.